Чехияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы элиталық дивизионда қалу үшін Германия хоккейшілерімен жұбаныш матчын өткізіп, үшінші кездесуде есе жіберді.
Шешуші ойында Сергей Старыгин баптайтын Қазақстан жастар құрамасы германиялық қатарластарынан 0:6 нәтижесімен жеңіліп қалды. Үш ойын қорытындысы бойынша Германия құрамасы 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бірінші ойында немістер 4:0 есебімен басым түссе, екінші ойында отандастарымыз 4:1 нәтижесімен қарсыластарынан айласын асырып кеткен-ді. Ережеге сәйкес, екі ойында жеңіске жеткен Германия құрамасы элиталық дивизионда өз орнын сақтап қалады. Ал Қазақстан құрамасы келесі жылы әлем чемпионатының бірінші дивизионында Беларусь, Дания, Венгрия, Латвия және Норвегия хоккейшілерімен сынға түседі.
Айта кетелік, әлем чемпионатының финалында Ресей құрамасын 4:3 есебімен жеңген Канада хоккейшілері чемпион атанды.