Талдықорған қаласының соты жылға жуық уақытқа созылған аты-шулы іске қатысты шешім шығарды. Алматы – Өскемен тасжолында болған көлік апатынан 2 адам жан тапсырып, кәмелетке толмаған қыз бала ауыр жарақат алған болатын.
Қанды оқиға 2019 жылдың наурыз айында болған еді. 64 жастағы жүргізуші әйел Infiniti көлігінің тізгініне ие бола алмай қалып, автомашина жол бойындағы автобус аялдамасына соғылған. Жоғары жылдамдықпен келген көлік аялдамада тұрған 2 адамды таптап өтіп, 14 жастағы қызды ауыр жарақаттады. Соққы салдарынан жас жұбайлар оқиға орнында тіл тартпай кеткен.
Жылға жуық жүрген тергеу кезінде адам өліміне себеп болған жүргізуші әйелге қатысты бұлтартпау шарасы бірнеше рет өзгертілген болатын. Бұл оқиғадан хабардар болған қала тұрғындары наразылық білдірген екен. Сот шешімі жарияланғалы бері де адамдар жүргізушіге кесілген жазаны тым жеңіл деген пікірде. Ал Талдықорған қалалық соты кінәлі әйелдің жас егделігін және істеген қылмысын мойындап, өкініш білдіргенін есепке алып, 5 жылға шартты мерзімге бас бостандығын шектеуді ұйғарыпты. Айтпақшы, шартты жазаланған әйел 7 жылға дейін көлік басқару құқығынан да айырылды.