• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Қаңтар, 2020

Қызылорда облысының әкімі ауыл тұрғындарымен кездесті

985 рет
көрсетілді

Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов биылғы алғашқы жұмыс сапарын cолтүстік аудандарды аралаудан бастады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кеше аймақ басшысы Қазалы ауданының Жанқожа батыр, Бекарыстан би ауылдары мен Арал ауданына қарасты 12 елді мекенде болып, тұрғындармен кездесті. Қазалы ауданындағы Бекарыстан би ауылының тұрғындары аймақ басшысына ауыз су мәселесі мен спорт кешенін салу туралы өтініш айтты. Өңір басшысы ауыз су мәселесі биыл өз шешімін табатынын және спорт кешенін жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде салу жолдары қарастырылып отырғанын жеткізді.

Мұнан соң аймақ басшысы Арал ауданының ең шалғай орналасқан Қаратерең, Қарашалаң, Бөген ауылдарында болып, халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысты. Ауыл тұрғындары жол, ұялы байланыс желісін орнату,  балабақша ғимараты мен ауылдық клубты жаңарту, аяқ су проблемасы секілді мәселелер көтерді.

Аралдықтар үшін әсіресе Аманөткел ауылы тұсында орналасқан қалқымалы көпірді жаңартып, Қарашалаң елді мекенінің жолын жөндеу өзекті мәселе болып отыр. Қуанышбек Досмайылұлы қалқымалы көпірді жаңарту үшін тиісті жұмыстар атқарылатынын айтты, ал Қарашалаңдағы жол биыл жөнделеді.