Нұр-Сұлтан қаласында өткен математика пәні мұғалімдерінің фестивалі шеңберіндегі шарада Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі Бәймен Сәбит өз біліктілігімен ерекшеленіп, 3-орын иегері атанды. Бұл туралы Қызылорддағы НЗМ баспасөз қызметі хабарлады.
Үшінші рет жалауын көтерген фестивальге республика бойынша Назарбаев Зияткерлік мектептерінен 100-ге жуық педагог қатысқан. Үш күнге созылған шарада қатысушылар пәнді оқытудағы өзекті мәселелерге арналған тақырыптық семинарда тәжірибе алмасып, оқушылардың білім деңгейін арттыруға бағытталған тың идеяларымен бөлісті.
Фестиваль барысында қатысушылар арнайы өткізілген олимпиадада күрделі есептерді шығару арқылы логикалық қабілеттерімен сынға түсті. Нәтижесінде қызылордалық Бәймен Сәбит жоғары ұпай жинап, үздік үштіктің қатарынан көріне білді. Олимпиаданың үшінші орын иегері атанған жас математик бұл фестиваль барлық педагогтер үшін озық тәжірибе алмасу алаңы болғанын айтады.
Өзге Зияткерлік мектеп мұғалімдерінің атқарып жатқан жұмыстарын көріп, өзіміздің тәжірибемізбен де бөлісу мүмкіндігін алдық. Заманауи білім беруде қажетті оқыту әдістемелері мен математика пәніне деген қызығушылықты арттыратын тәсілдер қарастырылған семинарларда барлық қатысқан ұстаздар жаңа идеялар мен мотивациялар алды деп ойлаймын, – деді Бәймен Сәбит.