Американың Массачусетс штаты тұрғындары ерлі-зайыпты Линда мен Джозеф Мэйоттқа Қазақстаннан асырап алынған екі баланы зорлау әрекетіне байланысты 26 тармақ бойынша айып тағылып отыр. Бұл туралы «Lifenews.ru» хабарлады.
Жұбайларға қарсы тергеу жұмыстары 2009 жылы басталды. Жапа шеккен балалардың айтулары бойынша, олардың өкіл ата-аналары тарапынан азғырушылық әрекеттер қыздың 8, ал ағасының 13 жасқа толған кезінен басталыпты.
Қазір 21 жасқа толып отырған жігіт 49 жастағы өкіл анасының өзін төсекке тартып, азғыру әрекеттеріне баратынын айтады. «Мен сол кездері не ойлап, не істерімді білмей қалатынмын. Мені қарындасымнан ажыратып, қайтадан Қазақстандағы жетімдер үйіне жібереді деп қорыққаннан, ұзақ уақыт бұл сұмдық туралы тіс жармай жүрдім», – деп мәлімдеді ол 29 шілдеде өткен сот отырысының тыңдалуында.
Линданың күйеуі 50 жасар Джозеф те асыранды қызын өз төсегіне алып жатып, жәбір көрсеткен көрінеді. Алайда, 2010 жылы ерлі-зайыптыларды кінәсіз деп танып, оларды 25 мың доллар кепілдікпен босатып жіберген екен.
Үш жылдан соң істі қайта қарау қолға алынды. Тергеу жұмыстары барысында тағы бір сұмдықтың беті ашылды. Линда Мэйотт дүниеге әкелген сәбидің биологиялық әкесі оның асырап алған баласы болып шықты.
Айып тағылып отырған ата-аналар өздерінің тарапынан ешбір зорлау әрекеттері болмағанын айтып ақталуда. Ал олардың қорғаушылары жапа шеккен бала өз анасын зорлаған деген пікірді алға тартады. Қорғаушылардың айтуына қарағанда, Джозеф Мэйотт асыранды қыздың қараңғыдан қорқатынына байланысты оны өзімен бірге алып жатқан көрінеді.
Айдар Өрісбаев.