Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, профессор, абайтанушы Бауыржан Ердембеков бүгін жарық көрген Президенттің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласына пікір білдірді.
Мемлекет басшысының Абай туралы мақаласы бүгінгі Қазақ елінің дамуына қан жүгіртер ой иірімдерімен өзекті. Абай – сөзінің өміршеңдігімен құдіретті...
Абай өз заманында қазақты ел қылудың қармана қамын жасаса, оның әрбір сөзі тасқа қашалғандай болашақтың алдынан күн өткен сайын әрленіп шыға беретініне кәрі уақыт куә. «Ұлттық болмыстың үлгісі», «Мемлекет ісінің мүдделесі», «Жаңа қоғамның жанашыры», «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы»... бұл тақырыпшалардағы өрілген ойлар алмағайып заманда рухани жаңғырулар мен ұлттық сананың соны бір серпілісін қажетсінген осынау бір қазақ қоғамына АҚЫН сөзін жеткізуді мақсат еткен. Абай заманының қазағы бүгін қандай? Сол қара сөздің пайғамбары айтқан сыннан нәтиже шығарды ма, әлде қалың елі, қазағы, қайран жұртының болашағы бұлдыр тартып бара ма?
Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы.... Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек.... Әлеуметтік жауапкершілікті Абайдың «толық адам» формуласынан іздеген жөн..... Неге қазақтың бітім-болмысын, мәдениетін Абай арқылы танытпаймыз?... Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек.... деген мақаладағы соқталы ойларға аса мән беріп, әр қазақтың бойына Абайдың сөзін ұялата алсақ, қазақтың ұшпаққа шығары хақ.