Отбасы құндылығының төмендеуі, жасөспірімдер тәрбиесіндегі олқылық, ажырасудың көбеюі, тастанды баланың тағдыры қоғамдық деңгейде көпшілік талқысына салынуы керек сияқты. Өйткені бұл мәселені бір ғана әлеуметтік топтың проблемасы деп қарастыру жақсылыққа апармасы анық. Енді осы мәселелерді жергілікті жердің мысалында таратып көрсек.
Мәселен, Алматы облысында 660 бала полиция есебінде тұр екен. Аймақта 2019 жылдың 9 айы аралығында кәмелетке толмаған балалардың қолымен 213 қылмыс жасалғаны анықталды. Жасөспірімдерге негізінен «Қылмыстық кодекстің» 188-бабы бойынша «бөгде адамның мүлкіне қол салу» айыбы тағылған. Жалпы, жасөспірімдердің қылмысқа баруы былтырғы есепті мерзімімен салыстырғанда 9 пайызға төмендеген. Өткен жылы 9 айда 235 іс тіркелген болатын. Ал тәртіпсіздігі шектен шыққан оқушылар сот шешімімен арнайы орындарға жіберілуде. Қазір Алматы қаласындағы девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мекемеде 12 жасөспірім, Шығыс Қазақстан облысындағы ерекше режімдегі мекемеде облыстың 6 баласы тәрбиеленіп жатыр.
Бұл – қоғамдағы отбасы құндылығының әлсіреуінің көрінісі екені даусыз. Әсіресе әулеттердің ажырап, бала тәрбиесі алдындағы жауапкершілікті сезінбеуі белең алған. Өкініштісі, аймақта ажырасу дерегі де аз емес. Облыстың сот орындаушылары 2019 жылдың он айы аралығында 20 мың алимент берешегі бойынша іспен айналысқан. Қазір оның 16 мыңы өндірісте тұрса, 3 мың іс өзара келісім негізінде тоқтатылған көрінеді. Ал алимент төлемеген 1000 адамның жалпы қарызы 800 млн теңгеден асып отыр.
– Жұмыс барысында алимент бойынша 211 борышкер әкімшілік жауапқа тартылды, соның ішінде 178 адам 1 күннен 5 күнге дейін қамауға алынды. Ал 4 борышкер қылмыстық іске тартылып, 1 жылға дейін бас бостандықтарына шектеу қойылды. 188 борышкердің жеке куәліктерінің қолданысы тоқтатылды. 266 борышкерге іздеу жарияланды. Мемлекеттен шығуға 3,5 мың борышкерге шектеу қойылды. 427 борышкердін мүлкіне тыйым салынып, 21 борышкердің мүлкі бағаланып сатылды, – дейді Алматы облысы жеке сот орындаушылары өңірлік палатасы басшысының орынбасары Мұхтар Байқұлов.
Демек, ажырасудың соңы жетімдік қамытын киген жасөспірімдер санының артуына әкеліп соғатыны сөзсіз. Өкініштісі, қоғамда тағдыр сынына ұшыраған тұл жетімдердің санынан ажырасқан ата-аналардың арасында жүрген «жартылай жетімдердің» қатары көп екен. Тағы да Алматы облысынан мысал келтірейік. Бүгінде аймақта ата-ана қамқорлығынсыз қалған 2810 бала бар. Соның ішінде 2267 бала қамқорлық қорғанында, 110 бала патронат тәрбиесінде, 56 бала отбасы үлгісіндегі балалар үйінде өсіп жатыр. Ал 21 баланы жеке отбасылар асырап алған. Сондай-ақ 356 бала әлеуметтік бағыттағы интернаттарда тәрбие алуда. Ал осы тізімдегі 60 баланың жекеменшік үйге қақылы, тағы 197 баланың үй иеленуге үлестік құқы бар екен. 2750 бала тұрғын үйге мұқтаж болса, мемлекеттік баспана қорынан үй алу кезегінде 2606 жетім бала кезекте тұр. 2019 жылы 115 баланың құжаты қаралып, олардың жиырма бесі кері қайтарылған. Жалпы, өңірде 2015-2017 жыл аралығында 327 бала тұрғын үймен қамтылса, соңғы екі жыл көлемінде 64 пәтер арнайы бөлініпті.
Алматы облысы