• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Экономика 10 Қаңтар, 2020

Шәкіртақының көбеюі студенттерді шаттандырды

250 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай жаңа жылдан бастап еліміздің жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің шәкіртақысы 25 пайызға көбейді.

Нәтижесінде, арнаулы оқу орындарында сабақты үздік оқитын студенттердің шәкіртақысы 19 272 теңгеден 24 090 теңгеге дейін өссе, басқа санаттағы білімгерлердің де 16 759 теңге стипендиясы 20 948 теңгеге дейін жоғарылады. Сондай-ақ жоғары білімді бакалавриат және магистратура жүйесі бойынша алатын студенттерге төленетін стипендия мөлшері де артады. Бұған дейін бакалавриаттағы студент 20 949 теңге шәкіртақы алса, енді бұл 26 186 теңгеге дейін өседі. Ал магистр-білімгерге 53 530 теңге төленсе, ол көбейе келе 66 913 теңгені құрамақ. Мұнан бөлек, докторантурада білімін шыңдайтын болашақ ғалымдар үшін де қуанышты жаңалық бар. Мәселен, жас ізденімпаз бұрын 81 998 теңге шәкіртақы алса, енді 102 498 теңгеге дейін ұлғаяды.

Бұл жаңалықты Талды­қорған қаласында орын тепкен маңдай алды оқу орны – Жетісу мемлекеттік университетінің студент жастары қуанышпен қабылдады.

– Мен 4 жыл бакалавриатта, 2 жыл магистратурада оқыдым. Негізгі табысым стипендия еді. Студент болған күннен 20950 мың теңге стипендия алдым. Ал магистрант болғанда 53530 мың теңге алдым. Бұл қаражат менің күнделікті өмір сүруіме, коммуналдық қызметтерді төлеуіме жетіп отырды. Енді 3 жыл докторантурада оқимын. Докторанттардың стипендия­сы – 82 мың. Жаңа жылдан бас­тап бұл 102500 теңге болды. Бұл дегеніңіз бүтін бір отбасын асырауға жететін қаражат. Сон­дықтан стипендияның 25 п­айызға өскеніне қатты қуа­нып отырмын. І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде мен сияқты грантта оқитын сегіз жүзден астам студент бар. Олардың арасында жақсы үлгерімі үшін жоғарылатылған стипен­дия алатындары қаншама. Білім алған жылдарымызды мем­лекетіміз стипендиямен қолдап отырса, бізге бұдан артық не керек? Сөзсіз 9 жыл бойы ал­ған білімімді елімнің дамуы­на арнаймын. Қуанышты хабармен еліміздің барлық сту­денттерін құттықтаймын және жетісулық студенттер атынан Президентке алғыс біл­діремін, – дейді 1-курс докторанты Айым Тынысханова.

Жалпы, білім сапасын арттыру мен түлектерді жұмыспен қамту мақсатында І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті кешенді жұмыс атқарып келеді. Алматы облысы аграрлық аймақ болған­дық­тан, өңірге қажетті маман­дық­тарды зерделеп, алдағы 4 жылда қандай мамандар даяр­лау қажет, қандай білім бағдар­ла­ма­ларына басымдық беру керек екенін анықтап, сол бойын­ша оқу бағ­дар­ламасы жасалады екен. Со­ны­мен қатар жыл бойы об­лыс­та­ғы барлық мекемелермен ты­ғыз байланыс жасап, бос орын­­­дар анықталады. Бұл бо­йын­­ша университет түлек­тер­ге мағ­лұ­мат беріп, мекеме бас­шы­лары­мен кездесу ұйымдасты­рады.

– Өз білімгерлерін тұрақты жұмыспен қамту мақсатында Жетісу университеті жаңа бас­таманы қолға алды. Бұл бас­тама бойынша, егер студент өн­ді­рістік тәжірибеден өту­ге бар­ған мекемеде өзінің білім­і мен қабілетін дәлелдеп, жұ­мыс­қа орналасуға мүмкіндік туса, білімгерге соңғы курсты қа­­­­шық­­тан оқуға мүмкіндік бе­ре­­міз. Бұл әдіс өз кезегінде, тү­­­лек­­ті жұмыспен қамтып қана қой­­май, өз кәсібі бойынша тә­жі­­­рибе жинауына жол ашады. Со­ны­­мен қатар университет «Бос орындар жәрмеңкесін» өт­кізу, кә­сіпорынның сұранысы бо­­йын­ша маман даярлау, ва­кант­­тық орындар базасын құру, «Дип­ломмен – ауылға!» бағ­дар­­ламасына қатысу ар­қылы тү­­лек­­терді жұмыспен қам­­тып келе­ді. Мәселен, ал­дың­ғы жыл­ы уни­верситетті бітір­­ген 781 тү­лек­тің 78 пайызы жұ­­мыс­қа ор­наласса, былтырғы көр­сет­­­кіш одан да жоғары болып отыр, – дейді І.Жансүгіров атын­­­­дағы Жетісу мемлекеттік уни­­вер­­­си­тетінің ректоры Қуат Баймырзаев.

 

Алматы облысы