Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Бес әлеуметтік бастама» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Алматы облысындағы кәсіпорындардың 100 000 жұмысшысы мен бюджеттік ұйымдардың 102 000 қызметкері және атқарушы салада еңбек ететін 3 500 адамның жалақысы өскен.
Бұл туралы аймақтың «Әлеуметтік картасындағы» міндеттердің орындалуы жайында есеп берген облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов мәлімдеді. Белгілі болғандай, 2019 жылы өңірдегі орташа айлық еңбекақы мөлшері 137 054 теңгені құраған. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 20,6 процентке өскен. Ал нақты өсім көрінісі 14,7 процент шамасында болған. Жалпы, аймақтағы ең жоғарғы жалақы қаржы саласы мен сақтандыру қызметкерлеріне тиесілі. Олардың айлығы – 211 241 теңге. Ал ең төменгі, 78 939 теңге жалақыны әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласында еңбек ететіндер алады екен.
-Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, биыл әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы көбеймек. Атап айтқанда, өңірдегі 60 мыңнан астам мұғалімнің жалақысы 25 процентке, мәдениет, өнер, спорт және мұрағат саласындағы 5 мың қызметкердің жалақысы 30 процентке артса, 3 800 дәрігердің айлығы 30 процентке және 12 200 медбикенің табысы 20 процентке өседі. Сондай-ақ облыстағы 3 100 әлеуметтік қызметкердің де жалақысына орташа есеппен 30 процентке дейін үстеме қосылады, деді облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов.