Жақында экономика ғылымдарының докторы Кәрім Мәсімовтің «Келешектің әміршісі. Жасанды интеллект» деген кітабы қолыма түсті. Кітаптың ағылшын тіліндегі нұсқасына әлемде бизнестің танымал қайраткерлері – экономист, Еуропа қайта құру және даму банкінің бірінші президенті Жак Аттали, Ресейдің мемлекет қайраткері Герман Греф, тарихшы, саясаткер, стратег Эдвард Люттвак, доктор Ванли Ман, профессор Лин Шао және басқа да тұлғалар жоғары баға берген екен. Доктор Ванли Ман кітаптың маңызын Қазақстан үшін мемлекеттік деңгейде жасанды интеллект арнайы стратегиясын әзірлеуге жолбасшы дайын еңбек деп атап көрсеткен.
Кітаптың «Бәрі неден басталды?», «Қызыл тізім», «Үстем корпорациялар», «Үстем мемлекеттер», «Гильгамеш жобасы немесе Үстем адамдар», «Асиломар қағидаттары», «Қазақстан» деп аталатын бөлімінен бөліміне өткен сайын әлемде және елімізде жасанды интеллект технологиясын енгізудің жетістіктері мен одан туындайтын қатерлерге қаныға түсесіз.
Жасанды интеллект деген не, оның мән-маңызын түсіну үшін автор алдымен әлемдегі өнеркәсіптік төңкерістер тарихына шолу жасайды. Ал ондай дүниені күрт өзгерткен, адамзатты бүгінгі өркениетке алып келген төңкеріс үшеу. Бірінші өнеркәсіптік төңкеріс – бу қозғалтқышының ойлап табылуы. Бұл металлургия сияқты ауыр өнеркәсіп салаларының, темір жол көлігінің дамуына жол ашты. Екінші өнеркәсіптік төңкеріс – электр тогының пайда болуы. Бүгінгі күнді кім электр қуатынсыз көзге елестете алар екен? Мұнай-газ өнеркәсібінің өркендеуі, телефон-телеграф байланысы, автомобильдер мен ұшақтар осы төңкерістің нәтижесі. Ал үшінші төңкеріс – ақпараттық технологиялар. Компьютер, ғаламтор, көптеген жұмыстың автоматтандырылуы бүгінгі күннің ақиқаты. Ақпараттық технологияның дамуы жасанды интеллект деген ұғымды қалыптастырды.
Кітапта жасанды интеллект дегеніміз – «машинамен оқыту» және «терең оқыту» арқылы машиналардың ұтымды ойлау және адам сияқты шешім қабылдау қабілеті деген түсінік беріледі.
Ақылды машина дегеніміз – робот. Бұл чехиялық фантаст жазушы Карель Чапек ең алғаш 1920 жылы «Россум әмбебап роботтары» пьесасында робот кейіпкерге берген атаусөзден кейін пайда болған ұғым еді. Ал 1929 жылы жапон профессоры Макото Нисимура алғашқы роботты құрастырып шығарды. 1940 жылдары алғашқы цифрлы компьютер құрылып, оның дәуірі басталып еді. 1950 жылы ағылшын ғалымы Алан Тьюринг «Есептеуіш техника және интеллект» деген мақаласында машиналардың адам сияқты әрекеттер жасап, шахмат ойнай алатындығы туралы жазады. 1997 жылы арнайы құрастырылған компьютер шахматтан әлем чемпионы Гарри Каспаровты ұтып, қайран қалдырды. Алан Тьюринг енді елу жылда машинаның жетілдірілетіні сондай, адам машинамен сөйлесіп тұрғанын аңғара алмайтын болады деген де батыл болжам жасады. Айтқандай-ақ 2018 жылы Гугл (Google) фирмасының жиынында робот кеңсеге телефонмен хабарласып, кездесу уақытын белгілегенде байланыс желісінің арғы жағында тұрған қызметкер роботпен сөйлесіп тұрғанын аңғармай қалған. «Жасанды интеллект» деген атаусөзді америкалық информатик ғалым Джон Маккарти 1956 жылы Англияда Дартмутте өткен семинарда алғаш рет енгізді. Ал «машинамен оқыту» термині машинаның мәтінді автоматты түрде тануын сипаттау үшін алғаш рет 2006 жылы қолданылды.
Жасанды интеллектінің пайда болуына қысқаша шолу жасай келе К.Мәсімов әлдекім роботтар көп міндетке қабілетсіз, адам басым болып қала береді деуі мүмкін. Алайда адам мүмкіндіктері шектеулі, ал жасанды интеллект даму үстінде. Машиналар адам зияткерлігі деңгейіне жеткенде адамның мәселелерін шешу ұсынақтығы жетіліп, тіпті ғылыми жаңалықтар ашуға қабілетті болады деген ой түйеді. Машиналар ауқымды ақпарат көлемін жылдам өңдей алады және қарапайым адамдар көпшілігі ойлай алмауы мүмкін тұжырымдар жасайды дейді.
Осы тұжырымға орай кітаптың «Сингулярлық және Рэй Курцвейлдің болжамдары» деген бөлімі назар аударарлық. «Сингулярлық» латыншадан аударғанда «дара, айрықша» деген мағына береді. Ал бұл жерде әңгіме технологиялық сингулярлық туралы, яғни келешекте технологиялық даму адамның басқаруынан шығып кетіп, адамзат өркениетінің сипатына, барысына елеулі өзгеріс әкелуі мүмкін деген болжам туралы болып отыр. Бұл ойды әуелі британ математигі әрі космолог Ирвинг Гуд айтқан екен. Технологиялық сингулярлық ұғымын америкалық математик Джон фон Нейман енгізіпті. Машиналардың ақылы адамнан да асып түсетін жағдайға тап болу тәуекелі туралы өткен ғасырдың елуінші жылдарынан бері ғалымдар арасында жүріп жатқан пікірталасты америкалық фантаст жазушы Вернор Виндж 1993 жылы «Келешек технологиялық сингулярлық» (The Coming Technological Singularity) деген еңбегінде технологиялық сингулярлыққа жету адамзат дәуірінің аяқталуы деп деп бір-ақ қайырады. Бірқатар ғалымдар жасанды суперинтеллект биологиялық түр ретінде адамды жойып жіберуі мүмкін дегенге дейін барады.
Айтқаны көбіне айнымай келетін америкалық өнертапқыш әрі футуролог Рэймонд Курцвейл технологиялық сингулярлық 2045 жылы басталып қалуы мүмкін деп болжайды. Жер шары алып компьютерге айналып, бірте-бірте бүкіл ғаламға ұласуы мүмкін екен. Мысалы, ол айтқандай компьютерлердің деректерге сымсыз қол жеткізе алуының ықтималдығы туралы болжамы бүгінгі күні тұрмысымызға әбден енген Уай-Фай (Wi-Fi) болып ақиқатқа айналды. Оның пікірінше 2032 жылға қарай нанороботтар адам жасушаларына тікелей қоректік заттар жеткізе алады, ал қайтарында уыттарды ала қайтады. Тағы бір он жылда нанороботтар адамның иммундық жүйесін жақсартады және мәңгілік өмір идеясына жол ашады. 2030 жылдан кейін жүргізушісіз қозғалатын автомобильдер жолға шығады екен, бұл әлемде жылына 2 миллионға дейін адам шығыны болатын жол апатын мүлдем дерлік жояды. Күн қуаты адамзаттың барлық қажеттілігін өтейді. Адамзат келешегі бүгінгіден де жақсы болады деп түйіндейді өз болжамын Рэй Курцвейл.
Жасанды интеллектінің осылай дамуынан туындаған тарихи өзгерістер талай салада, атап айтқанда медицинада елеулі табыстарға жеткізді. Израильдік ғалымдар 3D баспасының көмегімен адам тіндерінен әлемде тұңғыш рет жүректі басып шығарды. Демек келешекте лайықты донор іздеудің қажеті болмай қалмақ. Денсаулық сақтау саласында жасанды интеллектінің дамыту өлімге соқтыратын дәрігерлік қателікті болдырмайды. Ал дәрігерлік қателік медицинада өлімнің жүрек ауруы және қатерлі ісіктен кейінгі үшінші орындағы себебі екен. Медициналық түсірілімдерді шынайы уақытта талдау ота жасау кезінде пайдаланылуда. Енді хирург жасанды интеллектінің дәлдігі мен шапшаңдығы арқасында түсірілімдер деректеріне сүйене отырып отаны тоқтатпай әрекет ете береді.
Жасанды интеллект көлік саласына да дендеп ене бастады. Жүргізушісіз автомобильдер шығару, оларды такси, жүк тасымалы қызметінде пайдалануға қадамдар жасалуда. Қазір жүргізушісіз автобустар, таксилер көшелерге шықса, жүк көліктері мен дрондар тауар жеткізуде, өздігінен жүзетін кемелер суға түсірілді. KPMG аудитор компаниясы жүргізушісіз көлік құралдарына көшуге ұмтылатын 20 елдің дайындық деңгейін бағалағанда алғашқы бес ел қатарына Нидерланд, Сингапур, АҚШ, Швеция, Ұлыбритания кіріпті. Таяудағы бес-он жылда елдердің талайы көлік технологиясының осындай жаңа түріне көше бастайды деп қорыта келе, автор Қазақстанның да осы өзгерістерден қалмауы маңызды екендігін атап көрсетеді.
Қазіргі кезде «ақылды қала» үрдісі даму үстінде. Ақылды қала әртүрлі құрылғылар мен олардың өзара байланысы желілерінің жиынтығын білдіреді. Оның бірі сумен жабдықтауға, екіншісі – жол қозғалысын басқаруға, үшіншісі – өрт қауіпсіздігіне, төртіншісі – ластану деңгейін бақылауға, ал бесіншісі қылмысты бақылауға, т.б. арналған. Бүгінде деректердің көпшілігі фото және бейнекамералар арқылы алынады. Қытайда 154 қала «ақылды қала» жобасымен жұмыс істейді. Мысалы, Ханчжоу қаласында ақылды жүйе жедел жәрдем мен полицияны жол кептелісіне ұрындырмай жолын ашып отыруы, олардың діттеген жерге шұғыл жетуін қамтамасыз етеді. Оңтүстік Кореяның Сонгдода қаласында қоқыс жәшіктері мен қоқыс жинағыштар жоқ. Тұрмыстық қалдықтар ақылды пневматикалық жүйелер арқылы тікелей жерасты құбырларына кетеді, содан соң сұрыпталып, қайта өңделеді не кәдеге асырылады.
Ірі компаниялар жасанды интеллектіні энергетика саласына да батыл енгізуде. Мұнай-газ саласы Қазақстан экономикасының жетекші саласы болғандықтан өзге елдер тәжірибелерін назарға алғаны жөн. Алдағы он жылда жасанды интеллект әдеттегі экономикалық үдерістерді түрлендіріп, қаржы, өндіріс, логистика, медицина, білім беру салаларына едәуір ықпал ететін болады. Зерттеу болжамдарына қарағанда 2030 жылға қарағанда жасанды интеллект нәтижесінде әлемдік экономика 15,7 триллион АҚШ долларына дейін өсуі мүмкін. Оның 40 пайызы өнімділікті арттыруға, қалғаны тұтынуға кетеді. Егер бұл болжам шындыққа айналса, жасанды интеллект ықпалы кезінде электр тогының ашылуы сияқты өз заманының басқа да инновациялық технологияларының әсерімен барабар келмек.
Жасанды интеллектіні қолдану АҚШ-та және Қытайда үстем корпорацияларды – монополияларды туғызып қана қойған жоқ, осы елдердің өзін де әлемге үстемдік жасаушы мемлекеттерге айналдырды. Алғашқы монополист Майкросфт (Microsoft)компаниясы еді. Одан кейін жиырма жылдан соң Амазон (Amazon), иБей(eBay), Альфабет (Alphabet) компаниялары пайда болды. Бүгінде әлемдегі ең бай 8 адамның 6-уы нақ осы технологиялық компанияларды құрушылар. Қазір Гугл (Google) жүйесі әлем бойынша секундына 40 мың, күніне 3,5 миллион, жылына 1,2 триллион іздеу сауалын өңдейді. Цифрлық жарнаманы сату қаржы ағынын ашты да, оның бір бөлігі жаңа бағыттарды дамыту, жаңа қызметтер көрсету, кәсіпорындар ашу үшін пайдаланылып отыр. Қазір әлеуметтік желінің ең табысты жобасы Фейсбук (Facebook). 2019 жылдың І тоқсанында Фейсбукті (Facebook) пайдаланушылар саны 2,4 миллиардқа жетіпті, ал бұған осы корпорацияның бөлімшелері Инстаграмның (Instagram) 1 миллион және УатсАптың (WatsApp) 500 миллион пайдаланушысын қосыңыз.
Қазір жасанды интеллектіні дамыту жолындағы бәсекеге әлемнің отыздан астам елі қосылыпты. Олардың ішінде көшбасшылар АҚШ пен Қытай. АҚШ базалық технологияларды әзірлеуде озық тұрса, Қытай оларды іс жүзінде қолдануда жетекші орынға шығыпты. Сарапшылардың бағалауы бойынша жасанды интеллектіні енгізу нәтижесінде Қытайдың ішкі жалпы өнімінің өсімі 2019 жылмен салыстырғанда 2030 жылға қарай 26,1 пайыз өссе, АҚШ экономикасының өсімі 14,5 пайызды құрайды екен. Соңғы он жылда Қытай жасанды интеллектіге салынған әлемдік инвестицияның 60 пайызын тарта алған. Бұл ел басшылығы 2025 жылға қарай жасанды интеллект өнеркәсіпті жаңғыртудың және экономикалық өзгерістердің басты қозғаушы күші болады деп мәлімдеді. Осы ретте мамандар даярлауға қатты көңіл бөліп отыр.
Бұл екі алып елден басқа жасанды интеллектіні енгізудегі Сингапур мен Біріккен Араб Әмірліктерінің тәжірибесі де назар аудартады. Олардың тәжірибесін зерделеу Қазақстанның осы бағытта жол іздеуіне септесе алады дейді К. Мәсімов.
Біріккен Араб Әмірліктері Жасанды интеллект министрлігін құрған әлемдегі алғашқы ел. Бұл ел басшылығы жасанды интеллект стратегиясы арқылы үкімет шығыстарын кемітуді, экономиканы әртараптандыруды, мемлекетті осы саладағы көшбасшылар қатарына қосуды мақсат еткен. Бұл стратегия денсаулық сақтауды, жаңартылатын энергия көздерін, су ресурстарын, жол қозғалысын қоса алғанда экономиканың барлық саласын қамтиды. Үкімет азаматтарды жасанды интеллектіні қолдана білуге үйрететін болады. Дубайды ақылды қалаға айналдыру стратегиясын да 2018 жылы іске қосты. Оның аясында 100 нақты тиімділік көрсеткіші айқындалып, «Ақылды өмір», «Ақылды экономика», «Ақылды адамдар», «Ақылды икемділік», «Ақылды орта», «Ақылды басқару» мақсаттары белгіленген.
Жасанды интеллектіні белсенді қолдану саласы әрине әскери сала, қорғаныс екені түсінікті. Бұл ретте Қытай АҚШ-тан қалыспай 2030 жылға қарай әскери салада жасанды интеллектіні пайдалану бойынша әлемдік көшбасшыға айналу жоспарын алға қойып отыр. Ресей де бұл мәселеге баса көңіл бөлуде. Әлемдік алпауыт мемлекеттер мен басқа елдер арасында жасанды интеллектіні дамытудағы алшақтық, үстемдік ету пиғылының пайда болу ықтималдылығы әлемдік қауымдастық арасына жік түсіруі мүмкін. Үшінші дүниежүзілік соғыста қандай қару болатынын білмеймін, бірақ төртіншісінде ағаштар мен тастар болары анық деп жазған екен атом бомбасын жасаушылардың бірі Альберт Эйнштейн. Сондықтан жаһандық күн тәртібінде жасанды интеллектіні әскери салада пайдалануды халықаралық реттеу аса өзекті мәселе деп ой түйеді К.Мәсімов.
Кітаптың «Гильгамеш жобасы немесе Үстем адамдар» деген бөлімі де ойға бай. Ежелгі Месопотамияның эпостық дастанының кейіпкері жартыкеш құдай Гильгамеш мәңгі өмір сүру амалын іздеген екен. Сол ықылым заманнан бері осы орайдағы адамзат ізденісі нәтижеге жақын қалғандай. Бүгінгі күні нанотехнологиялар – болашағы зор салалардың бірі. Соңғы жетістіктер қартаюды баяулатуға және өмір сүру жасын ұзартуға әкеледі. Бұл бірегей қабілетті әрі теңдессіз шығармашылық мүмкіндігі бар үстем адамдардың пайда болуына әкелуі мүмкін. Демек бұл оларды кез келген саяси, әлеуметтік және экономикалық жүйелерден жоғары қояды. Осы жаңа биологиялық түр енді 200 жылдай уақытта пайда болуы мүмкін. Ал бұл қоғамның негізгі құндылықтарына қатысты маңызды әдеп мәселесіне келіп тірелетінін атап көрсетеді автор.
Жасанды интеллект саласына инвестициялаған және одан кеш қалған мемлекеттер арасында алшақтық барған сайын ұлғайып барады. Қазақстан бұл мәселені сырттай бақылаушы болып қала алмайды. Елімізде электронды үкімет жүйесі әзірленіп, енгізілді. Бүгінде халқымыз мемлекеттік қызметтердің 85,7 пайызын электронды түрде алады. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары 5G стандартты байланыс желісіне қосылды. Жаңа технологиялар өндірістің барлық саласына енгізілуде. Назарбаев Университетінде үш мыңдай студент оқытылды. 2018 жылдың басында Қазақстанда Смарт Ақкөл (Smart Akqol) ақылды қаласы қанатқақты жобасы іске қосылды. Жасанды интеллект бұл ең алдымен адамдарға арналған технология, адамдар үшін мүмкіндік жасау. Келешекте Қазақстанның ірі 17 қаласында «ақылды қала» жобасы енгізілетін болады.
Қазақстан деректерді түрлендіру және алмасу бойынша көреген саясат әзірлеуі, оларды көп жақты ынтымақтастық аясында пайдалануға күш салуы қажет. Бұл мынадай екі міндетті шешуге бағытталуы тиіс: біріншіден, жасанды интеллект технологиясын пайдалану мүмкіндігіне жету; екіншіден, азаматтық еркіндікті және жеке өмірге қол сұқпаушылықты қорғау арқылы жұртшылықтың жасанды интеллект технологияларына сенімін нығайту деп қорытады К.Мәсімов елімізде жасанды интеллектіні енгізу мақсатын тұжырымдай келе.
Кітап болашақтың технологияларын әр елде, әр салада қолданудың тәжірибесін, басты бағыттарын қызықты мысалдармен жүйелі баяндап берген. Жасанды интеллектімен бетпе-бет келіп, қоян-қолтық араласа бастаған заманда К. Мәсімовтің бұл еңбегі келешекте адамдар жасанды интеллектіні басқара ма, әлде ол адамдардың жаңа әміршісіне айналып кете ме деген әлем ғалымдары мен сарапшыларын толғандырып келе жатқан өзекті сауалға байсалды да тың өз пайымдарын білдіруімен де құнды.
Сәкен СЕЙДУӘЛИЕВ,
Сарбонна-Қазақстан институты Халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры,
экономика ғылымдарының кандидаты