Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдау білдірген жас кітапқұмарлардың бәсекесіне өңірдің барлық ауданы мен Тараз қаласынан 55 оқушы бақ сынап, өздерінің зияткерлік қабілеттерін көрсетті.
Жастардың интеллектуалдық деңгейін қалыптастыру мақсатындағы байқауды Жамбыл облысының «Рухани жаңғыру» жобалық офисі мен Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы бірлесіп ұйымдастырды.
Ережеге сәйкес, байқау екі кезеңге, екі санатқа бөлінді. Қатысушыларға әдебиет және ғылым салаларында өзіндік орны бар тұлғалардың арнайы белгіленген 43 кітабы ұсынылды. Бірінші кезеңнен сүрінбей өткен 22 қатысушы ақтық сында да өздері таңдап оқыған кітаптардан қойылған сұрақтарға нақты жауап бере білді. Байқауда 15 жасқа дейінгі қатысушылар арасынан І орынды Тараз қаласындағы №48 Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Амина Мұхтар жеңіп алса, ІІ орынды Жамбыл ауданы, Бірлесу-Еңбек ауылындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Саида Жахан, ал ІІІ орынды Жамбыл ауданы, Бірлесу-Еңбек ауылындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Елдос Жолдыбай иеленді. Сонымен қатар 15 жастан жоғары қатысушылар арасынан І орынды Тараз қаласындағы №54 орта мектептің 10-сынып оқушысы Әсел Аяжан иеленсе, ІІ орынды Меркі ауданы, №6 орта мектептің 10-сынып оқушысы Диана Жексенбиева және ІІІ орынды Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің 2-курс студенті Ақнұр Баширова жеңіп алды. Байқауға барлық қатысушылар мен олардың жетекшілеріне Алғыс хаттар, ал жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Жүлдегерлерді облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисі» мекемесінің басшысы Зарина Қуатова марапаттады.
Айта кетейік, әуел баста бұл байқау өткен жылдың мамыр айында Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» қоғамдық-саяси газетінің бастамасымен қала аумағында ұйымдастырылған еді. «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровтің демеушілігімен ең үздік атанған жас оқырманға 1 миллион теңге, ал қалған жеңімпаздарға да қомақты қаржылай сыйлықтар табысталған болатын.
Жамбыл облысы