• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Қаңтар, 2020

Тәтті өмірді тәрк еткендер

559 рет
көрсетілді

Санаулы тіршілікті саралайтын болсақ, адам баласының амандығынан артық құнды дүние таба алмаспыз. Құдай тағаланың берген ғажайып ғұмырының мәні мен маңызын терең түсініп, өмірге келгендегі міндетті миссиясына жауапкершілікпен қарайтын жандармен қатар, жан-жағымен жауласып, жақындарымен дауласып, өмір сүруге деген құлшынысы құлдырап кеткен пенделерді де кездестіруге болады. Тағдырына налып, танысына өкпелеп, туы­сына ренжіп күн кешіп жүргендерге кім қандай көмек бере алады?! Әсіресе олардың арасындағы жасөспірімдердің жан күйзелісін кім түсінеді? Бүгін осыларды саралап көрелік.

Аталған мәселенің жасөспірімдер арасында кең етек жайғаны мәлім. Жасөспірімдік шақта кездесетін қиын­дықтарды көтере алмау, айнала­сында­ғылармен тіл табыса алмау, жеке мінез-құлықтың толық қалыптаспағаны, міне, осы және тағы басқа себептерден өскелең ұрпақ арасында суицид мәселесі артып отыр. Суицидтің алдын алу үшін ата-аналар, мұғалімдер, психологтар мен әлеу­мет­тік қызметкерлер, саламатты өмір салтын қалыптастырушы мамандар, бұқаралық ақпарат құралдары бірлесе жұмыс атқаруы керек. Яғни, ең алдымен алдын алу жұ­мыстары жасалуы қажет. Жас­­өс­пі­рім­дер мен жастар арасында осы та­қы­­рыпта дәрістер, әңгімелесулер, сұх­бат­­та­сулар, кеңес беру, сұрақ-жауап сияқ­ты жұ­мыс­тардың көбірек жүргізілгені дұрыс.

 Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, Қазақ­стан суицид саны бойынша әлемде үшінші, ал Орталық Азия елдерінің арасында көш бастап тұр. Бұл көңіл көншітерлік көрсеткіш емес екені анық. Халықаралық ұйымның сарапшылары елдегі өлім-жітім саны шекті көрсеткіштен екі есе көп дейді. Ең көп депрессияға ұшыраған аймақтардың тізімі – Алматы, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары. 2018 жылы Қазақстанда екі жарым мыңнан астам суицид тіркелген. Оның ішінде 310 оқиға Алматыда болған. Шығыс Қазақстан облысында – 284 факт, Қарағандыда – 281 суицид тіркелсе, Түркістанда – 239 адам, Қостанайда – 231 адам өзіне қол жұмсаған.

Жастар арасындағы суицид жағдай­ларының алдын алу үшін Bilim Foundation қоғамдық қоры ауқымды жұмыс атқарып келеді. Қор президенті Ерлан Аманжолұлы аталған мәселе төңірегінде пікір білдірген болатын.

«Барлық жастар бүгінде Фейсбук, Инстаграм, ВК сияқты әйтеуір бір әлеу­меттік желінің тұтынушысы. Сол әлеу­меттік желіде айтқан сөздерін, жолдаған жолдамаларын қарау арқылы олардың жай-күйін, жағдайын білуге болады. Ішінде не болып жатыр, қандай күйзелісте жүр, тығырыққа тірелген бе, жоқ па сол сияқты мәселелерді анықтауға болатынын байқадық. Сол арқылы жастардың ертеңгі күні суицидке бармауына және өмірінің ары қарай сапасын жақсартуға мүмкіндігі болады. Алдағы уақытта да осы жоба жастардың болашағы үшін жұмыс жасап, өз ісін жалғастыра береді деп сенеміз», дейді қор президенті.

Бүгінгі дамыған заманда кез келген адамның не нәрсемен айналысып, қайда жүргенін білу аса қиындық тудырмайды. Себебі әрқайсысы кез келген әлеуметтік желінің бірін пайдаланып, сол жерде өзінің көңіл күйін, ішкі сырын жазатыны белгілі.

«Қазір елімізде әлеуметтік желі өте қарқынды дамыған. Шамамен 5-7 млн адам әлеуметтік желіні пайдаланады екен. Олардың жазған жазбаларына қарап түгелдей зерттеп шығу мүмкін емес. Бұл орайда жасанды интеллект мүмкіндігі пайдаланылады. Жасанды интеллект шамамен бір тәулікте жазылған 10 мыңға жуық жазбаға анализ жасауға мүмкіндік береді. Сол арқылы қиналып жүрген балаларды табуға болады. Осылайша оларды ерте тауып көмек қолымызды соза алсақ, суицидтің алдын алудың бір жолы болар еді. Оның айтуынша, жастарды зерттеу барысында түрлі жазбалар кезіккен. Мысалға,жиырма екі жастағы бойжеткен өзінің әлеуметтік желілерінің бірінде «делфиннің өмірі аяқталуға аз қалды, сендер жақында менен құтыласыңдар, сосын сендерге өмір сүру жеңіл болады» деген жазба қалдырған. Қыз қалдырған жазбаның жанында аквариум ішіндегі делфиннің суреті салынған. Ол сол сурет арқылы халыққа тынысы тарылатын тар жерде өмір сүре алмайтынын жеткізеді. Әрі көптеген жастардың қай қаладан екенін анықтау қиын. Себебі көбі әлеуметтік желіде жасырын атпен отырады. Олармен жұмыс істеудің бас­ты қағидасы  – құпиялылықты сақтау. Егер құпияны сақтап, көмектесе алсаң, ашық сөйлесуге шығады. Егер олардың қай қаладан екенін, тұрған жерін сұрай бастасаң, сөйлесуден бас тартады. Айта кететін тағы бір жайт, зерттеу жүргізу барысында өз-өзіне қол жұмсағысы келетін жастардың басым көпшілгі қыз балалар екені анықталған. Себебі қыз балалар­дың табиғатында өзінің басына түскен қиыншылықты біреуге айту арқылы жеңу ерекшелігі бар. Ер балалардың жаратылысы көбінде жабық келеді. Әрі олар мәселені біреуден көмек сұрау арқылы шешуге тырыспайды. Сондықтан ер балалармен жұмыс істеу қиын. Бұл орайда негізінен біз 15 пен 29 жас аралығындағы жастарды зерттедік.

Өз сырларын жақындарына, үлкен­дерге айта алмайтын жасөспірімдер мен жастар сол ойларын әлеуметтік желілерде бөлісе алады. Әлеуметтік желіде сен кез келген адам бола аласың, өзіңе ұнайтын есім аласың, сенің ата-анаңды, қай мектепте оқитыныңды ешкім білмейді, сон­дықтан бұл жерде барлық мәселе туралы айтуға болады. Сені ешкім бағаламайды, ұнамайтын адам болса, оны кез келген уақытта блокқа жібере аласың.

«Мен де әлеуметтік желілерді белсенді қолданамын. Бұл жобада жұмысты бас­тамай тұрып, «ВК», Инстаграмда «өмір сүргім келмейді, қашан бұл өмірден кетемін, шаршадым, барлығын, өзімді де жек көремін» деген посттарды көре­тінмін. Оларға немқұрайдылықпен жай қарап кете алмай, бір смайлик болса да қалдыратынмын. Ал қазір бұл үлкен жоба. Бұндай жасөспірімдермен және жас­тармен әлеуметтік желіде әңгімелесеміз. Біріншіден, олардың сенімін жаулап алу керек, біз тек жақсылықпен, көмектесу үшін келгенімізді түсіндіруіміз керек. Өйткені ондай балалардың үлкендерге сенуі қиын. Біреуі мені ата-анам түсінбейді дейді, біреуі ата-анамды ренжіткім келмейді, сондықтан оларға ештеңе айтпай­мын деп жазады, үлкендерден көңілім қал­ды, мектептегі мұғалім, жас маманның басшысы, ата-әжелер, ешкім мені өз қалпымда қабылдамайды. 13-15 жастағы жасөспірімдер дос таба алмайды. Бірақ көңіл-күйін сыртқа шығармаса, олар бірте-бірте адамды ішінен жейді. Жобаның ең бірінші артықшылығы –  біз жасөспірімдер мен жастарды өзіміз іздеп табамыз. Егер сенім телефонына хабарласса, қол ұшын береміз. Адам өмір сүргісі келмегенде, қатты күйзелісте болғанда көмек іздемейді, көмектің қайдан келетінін де білмейді. Осындай жағдайда біз өзіміз әлеуметтік желідегі есігін қағып, көмек ұсынамыз. Кейде бала «жоқ, психологпен сөйлескім келмейді» деп жазады. «Жарайды, онда менімен жай дос ретінде сөйлесіп көр», деп жауап беріп, ауа райы туралы, кітап, кино кейіпкерлері туралы әңгімелесеміз. Бірте-бірте ол бала да үйреніп, сырларын айта алады. Қолымнан келгенше, бұл жасөспірімдер мен жастарға көмектесуге тырысамын. Қазіргі таңда тоқсанға жуық жасөспірім және жастармен әлеуметтік желіде хабарласып тұрамын. Кейбіреулері «рахмет, біздің әңгімелесіп жүргеніміз маған көмектесті, ұсыныстарыңызды орындап дос таптым, не ата-анаммен татуластым», деп жазады. Немесе «мен өзімді жалғыз деп санап жүрсем, менің күйімді біліп тұратын, мені қолдайтын адам бар екен», деп жазуы мүмкін. Бірақ кейде, Нәтиже ондай жағымды болмайды, «мен сізге сенбеймін» деп балағат сөздермен хабарласатын да жастар бар. Қалай болса да, бұл жоба біздің жастарға көмегін тигізді деп ойлаймын. Психологиялық көмектің бір түрі бола алады деп сенемін», дейді жоба үйлестірушісі Дариға Ғазизқызы.

Елдің болашағы деп ерекшелейтін жалынды жастардың өмірінің қиылуына жол бермейтін жобалардың көп болғаны артық етпейді. Себебі, күрмеуі қиын күрделі мәселені шешуді қоғам болып қолға алмаса, өшуінен өршуі тез болмақ.