Қызылорла облысының Арал ауданы балық шаруашылығын өрістеткен өңір. Осы кәсіптің арқасында теңіз төскейіндегі халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарып, аудан экономикасының көкжиегі күн сайын кеңейе түсуде.
Кеше аудандағы Құланды ауылдық округі, Ақбасты елді мекенінде жаңа балық сақтау цехы ашылды. Жергілікті кәсіпкер Жандос Құлмановтың бастамасымен іске қосылған балық сақтау цехының ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қатысып, «САРАТС» жобасының сәтті жүзеге асуы нәтижесінде қайта түлеген балық шаруашылығының дамуына кеңінен тоқталды.
Ауылда ашылған цехта 100 тонна балық сақталады, алдағы уақытта елу адам жұмыспен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.
Аудан басшысы осы ауылда жаңадан іске қосылған «Көкарал» балық консервілеу цехының жұмысымен танысты.
Ауыл азаматы Ернар Құлжанов мемлекеттен алған қайтарымсыз қаржы арқылы іске қосқан цехтан күніне 40 дана консерві шығарылмақ. Бүгінде аудан бойынша балық өнімдерінің 13 түрі шығарылып, жылдық қуаты 20 мың тоннаға жуық 8 балық өңдеу зауыты тұрақты жұмыс істеп тұр.