Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданындағы Дубровное селосында болған жол апаты адам өмірін қиюға соқтырды.
Осы селоның үш тұрғыны кешкі тоғыз кезінде сынып қалған «ВАЗ 2106» автокөлігін «ЗИЛ» жүк машинасына тіркеп, қалың қардан шығарып алмақ болып, әуреленіп жатады. Кешкі тоғызда көз байланған шақ қой.
Осы кезде жолда қатты келе жатқан «УАЗ» автомобилі «ВАЗ» машинасын соғады. Соның кесірінен рөлде отырып, қатты соққы алған «Ваздың» иесі тіл тартпай, дүниеден өткен. Сөйтіп, 1986 жылы туған азамат аяқ астынан қаза болып, жақындары зар илеп қалды.
Сөйтсе, оны соққан «УАЗ» көлігінің жүргізушісі удай мас екендігі анықталды. Сонымен бірге оның көлік жүргізу куәлігі де жоқ екендігі белгілі болып отыр. Оның автомобильді куәліксіз жүргізуі бүгін ғана белгілі болмаған. Осыған дейін ол куәліксіз көлік жүргізгені үшін ұсталып, былтыр бір рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен. Бірақ оған місе тұтпаған есерсоқ көлікті ішіп алып, куәліксіз жүргізуін қоймаған.
Енді 35 жасқа жаңа келген ол ұзақ жыл өмірін түрмеде өткізетін болды. Қазір мас болып көлік айдағанның өзі қылмыс деп саналып, жеті жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Ал мынау мас болған ғана емес, кісі өлтірген адам ретінде ауыр жаза алары сөзсіз. Сонымен бірге ол көлік жүргізу құқынан өмір бақиға айрылуы мүмкін. Оны енді сот шешеді.