Өткен жылы құрылыс және қайта жаңарту жұмыстарымен республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 4,4 мың шақырымы қамтылды. Аталған жұмыстардың мұндай көлемі Қазақстанда бұрын-соңды болмаған. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Өткен жылы қозғалыс республикалық маңыздағы жолдардың 641 шақырымында ашылды. Енді жүргізушілер ұзындығы 61 шақырымды құрайтын «Теміртау – Қарағанды – Балқаш – Қапшағай» жолымен еш кедергісіз жүре алады. Сондай-ақ көлік қозғалысы «Орталық – Шығыс» дәлізінің 249 шақырымында ашылды. Бүгінгі таңда «Көкшетау – Петропавл – РФ шекарасы» жолының 16 шақырымы да көлік қозғалысы үшін ашық. Мұнымен қоса, реконструкциядан өткен 85 шақырымдық «Бейнеу – Ақжігіт», 18 шақырымдық «Таскескен – Бақты», 80 шақырымдық «Шучинск – Зеренді», 26 шақырымдық «Қандыағаш – Мақат», 73 шақырымдық «Жетібай – Жаңаөзен» жолдары мен 34,4 шақырымдық «Нұр-Сұлтан қаласының айналма жолында» қозғалыс қамтамасыз етілді.
2019 жылы күрделі жөндеумен қамтылған автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 438 шақырымды құрады. Олардың 24 шақырымы пайдалануға берілді. Сондай-ақ өткен жылы жолдың 1101 шақырымында орташа жөндеу жасалды. Жасалған орташа жөндеу жұмыстары жолдардың 424 шақырымында ресайклинг, 256 шақырымында жабындыны төсеу, 414 шақырымында кедір-бұдырлы жол бетін өңдеу, 7 шақырымында микросюрфейсинг әдісімен жасалды.
Өткен жылдың қорытындыларына сәйкес жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 21,9 мың шақырымды немесе 88% құрайды. І және ІІ техникалық санаттағы жолдардың үлесі 34 % дейін жеткізіліп, 8,4 шақырымды құрады» делінген хабарламада.