Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Алматы облыстық департаментінің мамандары жүргізген зерттеу бойынша Талдықорған қаласы әкімдігінің тұрғын-үй коммуналды шаруашылығы бөлімі жемқорлыққа бейім орта ретінде бағаланған.
Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Алматы облыстық департаменті басшысының 1-орынбасары Жандос Жұмабаев мәлімдеді.
- Мемлекеттік қызметкерлер арасындағы жемқорлық тәуекелін анықтау бойынша арнайы мониторинг жүргізген болатынбыз. Оның нәтижесіне сараптама жасағанда бірқатар мәселе бары белгілі болды. Талдықорған қаласы бойынша айтар болсақ, тұрғын-үй коммуналды шаруашылығы бөлімінің жұмысына жасалған зерттеу бұл ортададағы жемқорлық тәуекелінің 9 дерегін анықтады, деді Жандос Жұмабеков.
Сараптама нәтижесінде Талдықорған қалалық тұрғын-үй коммуналды шаруашылығы бөлімі қызметкерлері тарапынан құқық бұзушылыққа жиі жол берілетіндігі айқындалған екен. Оның ішінде баспана кезегіне қатысты шағымданушылар көп. Бөлім қызметкерлерінің тұрғын үй кезегін заңсыз өзгерту, мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу ережесін өрескел бұзу, қарапайым тұрғындардың кепілді құқығын аяқ асты ету, мемлекеттік қызмет көрсету талабына сәйкес арыз-шағымдарды қарау тәртібін сақтамау сияқты айыптары көзге ұрып тұр екен.
Айтпақшы, қазір арнайы орган қызметкерлері тұрғын үй қорынан берілген қызметтік пәтерлердің заңдылығын да тексеруге кірісіпті. Оған коммуналдық меншіктегі пәтерлерде заңды иелерінің қоныстанбағаны және олардың коммерциялық мақсатта жалға берілетіні жайлы тұрғындар тарапынан түскен арыз-шағым негіз болып отыр.