Егер еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жалпы инвестициялық жағдайына келетін болсақ, өткен жылдың тамыз айындағы мәлімет бойынша Қазақстанға әлемнің 120-дан астам елінен 330 млрд АҚШ долларының тікелей шетелдік инвестициясы тартылды.
Инвестициялардың негізгі бөлігі, яғни 50 пайыздан астамы – Еуропалық одақ елдеріне тиесілі, соның ішінде Швейцария – 25,8 млрд, Франция – 16,1 млрд, Италия – 8,7 млрд, Нидерланд – 90,4 млрд, Бельгия – 7,6 млрд, Германия 5,2 млрд доллардың инвестициясын әкелді. Америка Құрама Штаттарына тікелей шетелдік инвестициялардың 15 пайызы немесе 48,4 млрд доллары тиесілі. Инвестициялардың шамамен 5 пайызын Ұлыбритания мен ҚХР салған.
Қазақстанда шетелдіктердің қатысуымен 19 мың заңды тұлға мен олардың бөлімшелері жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындардың 35,3 пайызы ресейліктер үлесінде, 9,5 пайызы – түрік, 5,7 пайызы – өзбек, 5,6 пайызы – қытай, 3,1 пайызы неміс капиталының қатысуымен құрылған.
Finreview.info қаржылық шолу агенттігінің мәліметтеріне қарағанда, соңғы 10 жылда ұлттық экономикаға салынған шетелдік инвестициялар мөлшері 250,2 миллиард долларды құраған. Демек, инвестицияның ірі көлемі елімізге соңғы он жылда кірген. Аталған үрдіс Қазақстанның инвестициялық саясатының тиімділігін көрсетеді. Ел тарихында инвестициялардың ең үлкен мөлшері 2012 жылы болған екен. Сол жылы құйылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 28,9 миллиард АҚШ долларын құраған. Ал 2011 жылы – 26,5 миллиард доллардың, 2017 жылы 20,8 миллиард доллардың, 2018 жылы 24,3 миллиард доллардың инвестициясы құйылған. Айта кетейік, мұндағы деректер негізінен еліміздің статистикалық органының мәліметтерімен сәйкес келеді.
Сонымен Қазақстан тәуелсіздік жылдарында инвестициялық тұрғыдан өзіміз орналасқан өңірдегі ең тартымды елдердің біріне айналды. Мәселен, Орталық Азияның бауырлас әрі көршілес төрт еліне келген инвестициялардың жиынтық көлемі бір Қазақстанға келген инвестицияға жетпейді.
Дегенмен, соңғы жылдары әлем бойынша инвестициялар ағынының азаюы, әсіресе дамушы елдерге келіп жатқан тікелей шетелдік инвестициялық қаржылардың төмендеуі, санкциялар соғысының өріс алуы біздің жағдайымызға да кері әсерін тигізбей қалған жоқ.
Өткен жылдың басында Қазақстанға келіп жатқан инвестициялар ағымының төмендегені туралы мәліметтер тараған еді. Осыған орай, Премьер-Министрдің тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылып, оның ұсыныстары бойынша инвестициялық саясатты одан әрі жетілдіру бағытында тиісті қаулы қабылданған болатын. Нәтижесінде елімізде инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету орталығы жұмыс істей бастады. Бұл саладағы жұмыстарды бір ізге салу үшін осыған дейін шеттен инвестициялар тарту ісімен шұғылданып келген «Kazakh Invest» акционерлік қоғамы Астана халықаралық қаржы орталығының әкімшілігіне сенімді басқаруға берілді. Жобаларды қалыптастыру мен сүйемелдеудің бірыңғай ақпараттық жүйесін құру («Жобалар фабрикасы»), заманауи цифрлы технологияларды енгізу мен виза және көші-қон режімін одан әрі ырықтандыру, тағы басқа мәселелер жөнінде жұмыстар жүргізілді.
Әрине, мұның барлығы өткен жылдың басында жүзеге асқан жұмыстар. Енді міне, елімізде ірі саяси оқиғаларға толы болған 2019 жылды да қорытындылап, 2020 жылдың, яғни он екі жылдық жыл қайырымының басы саналатын тышқан жылының бетін аштық. Ендеше ел экономикасының үлкен демеуші күшіне айналған инвестициялар жөнінде өткен жылды қалай қорытындыладық, айтылған олқылықтар мен кемшіліктерден қорытынды шығара алдық па, инвестициялардың төмендеуі секілді қатерлі құбылыс еңсерілді ме деген сұрақтардың бас көтеретіні анық. Мұндай маңызды мәселеге жауап беру арқылы, бір есептен алғанда, биылғы жылдың экономикамыз үшін қалай өтетіндігі туралы да ептеп болжам жасауға болар еді.
Осы сұраққа жауап іздеу мақсатында әуелі еліміздің Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Статистика комитетінің сайтына кіріп көрген едік. Сонау тәуелсіздік жылдарының басынан әр жыл бойынша берілген «Негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің серпіні» бөлігінде Қазақстанның ұлттық экономикасындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2018 жылы 32 миллиард 430,3 миллион долларды, ал 2019 жылы 32 миллиард 778,5 миллион долларды құрағаны келтіріліпті. Ал тікелей шетелдік инвестициялар бойынша 2018-2019 жылдардың деректері жазылмаған екен.
Сонан кейін Қазақстан мүше болып табылатын Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысшы органы – Еуразиялық экономикалық комиссияның сайтына кірдік. Мұндағы деректер негізгі капиталға салынған инвестициялар жайында екен. Осы бойынша айтсақ, 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Еуразиялық экономикалық одақ бойынша 209,5 миллиард доллардың инвестициясы игерілген. Бұл 2018 жылдың осы мерзіміндегі көрсеткіштен қолданыстағы баға бойынша 1,9 пайызға жоғары.
Соның ішінде Армения 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 523 миллион доллардың (2018 жылдың қаңтар-қыркүйек айларымен салыстырғанда 104,4 пайыз), Қырғызстан – 1 миллиард 290,2 миллион доллардың (105,5 пайыз), Беларусь – 9 миллиард 080,9 миллион доллардың (104,3 пайыз), Қазақстан – 22 миллиард 492,6 миллион доллардың (109,7 пайыз), Ресей Федерациясы –176 миллиард 098,1 миллион доллардың (100,7 пайыз) инвестицияларын игерген.
Көріп отырғанымыздай, одақ құрамындағы бес елдің ішінде бәрінен де Қазақстан игерген инвестициялардың өсім қарқыны жоғары. Ол 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 2018 жылдың осы мерзіміндегі көрсеткіштен 9,7 пайызға асып түсіп отыр. Мұның өзі 2019 жыл басындағы жағдаймен салыстырғанда соңғы айларда инвестициялардың келу қарқыны артқанын, жағдайдың түзелгенін білдірсе керек.
Оның үстіне, жоғарыдағы көрсеткіштер 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында одақ бойынша игерілген 209,5 миллиард доллар инвестицияның 84,1 пайызы – Ресейге, 10,7 пайызы – Қазақстанға, 4,3 пайызы – Беларусь Республикасына, 0,6 пайызы – Қырғыз Республикасына, 0,3 пайызы – Арменияға тиесілі екенін білдіреді. Негізінде Ресей экономикасының көлемі бізден он есе үлкен. Табиғат байлығы, соның ішінде көмірсутегі қорлары мол, өңдеу өнеркәсібі де жақсы дамыған. Соған қарағанда бұл елдің игерген инвестицияларының көлемі де бізден кемінде он есе артық болса керек-ті. Бірақ жоғарыдағы фактілер қазіргі жағдайдың олай еместігін, Ресей игерген инвестициялардың көлемі 7,8 есе ғана артық екенін көрсетіп отыр. Мұның өзі Қазақстанның одақтас елдер арасында инвестициялық тұрғыдан әлі де мығым екенін білдіреді. Міне, осы іске Қазақстандағы құрылыс ісінің жандануының әсері бар екенін айта кетсек, артық болмас.
Біз жоғарыда еліміздің Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Статистика комитетінің «Негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің серпіні» бөлігінде көрсеткен мәліметі бойынша Қазақстанның ұлттық экономикасындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2019 жылы 32 миллиард 778,5 миллион долларды құрағанын келтірдік. Ал Еуразиялық экономикалық комиссияның дерегі өткен жылдың 9 айында (қаңтар-қыркүйек айлары) Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 22 миллиард 492,6 миллион доллар болғанын көрсетіп отыр. Сонда соңғы үш айдың ішінде елімізде 10 миллиард доллардың инвестициясы игерілгені байқалады. Бәлкім, бұл рас та шығар. Өйткені еліміздегі Теңіз кеніші секілді ірі жоба кеңейтілу үстінде. Шетелдіктердің қатысуымен жүзеге асып жатқан басқа да үлкен жобалар баршылық. Осыған қарағанда өткен жылдың соңғы тоқсанында еліміздегі инвестициялық белсенділік деңгейі едәуір дәрежеде арта түскен болуы керек.
Оның үстіне, AERC (Қолданбалы экономиканы зерттеулер орталығы) басқарушы директоры Олжас Төлеуовтың мәліметінше, өткен жылдың соңында Қазақстанға капиталдың кетуінен келуі басым түскен. Яғни, 2019 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстаннан 3 миллиард АҚШ долларының қаржысы әкетілсе, екінші тоқсанда бұл ағым барынша төмендеп, 749 миллион долларды құраған. Ал үшінші тоқсанда капиталдың келуі оның кетуінен 1,029 миллиард долларға басым түскен. Еліміздің корпоративтік секторына 2,5 млрд доллардың капиталы келген. Бұл қаржы корпоративтік секторға келіп отырғандықтан оның да инвестициялық белсенділіктің артуына әсері болуы әбден мүмкін. Өйткені қазіргідей нарық заманында ақшаның ұйықтап жатпайтыны түсінікті.
Ал тікелей шетелдік инвестицияларға келетін болсақ, Еуразиялық экономикалық комиссия сайтынан 2019 жылдың қорытындысы бойынша бұл туралы деректі кездестіре алмадық. Дегенмен 2018 жылдың қорытындысы туралы әзірленген Статистикалық бюллетеньдегі мына бір дерек назар аудартты: онда жан басына шаққандағы тікелей инвестицияның көлемі 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қырғызстанда – 830, Беларусь Республикасында – 1378, Арменияда – 1859, Ресейде – 3400 доллардан айналғанда, Қазақстанда – 8708 доллардан келгені көрсетілген екен.
Сонымен қорыта айтқанда, Қазақстан өңірдегі және Еуразиялық экономикалық одақтағы инвестициялық тартымды ел ретіндегі өз орнын сақтап келеді. Әлем елдерінде инвестициялық қаржы ағымының бәсеңдеуіне, бұл жағдай дамушы елдер экономикасына едәуір қиындықтар тудырғандығына қарамастан, Қазақстан өткен жылдың басында бұл жөнінде қосымша шаралар қабылдау нәтижесінде жылды салыстырмалы түрде айтқанда едәуір табыспен қорытындылады, осының нәтижесінде жыл соңында инвестициялық қаржының келуі мен игерілуі едәуір деңгейде арта түсті деп айта аламыз. Бұл жағдай үстіміздегі жылы ұлттық экономикамыздың одан әрі дамуына қосымша серпін беруі тиіс.
Оның үстіне, өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен еліміздің қаржы жүйесінде бірқатар құрылымдық өзгерістердің жүзеге асқаны, соның ішінде Президентке тікелей бағынатын Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөнінде агенттік құрылғаны белгілі. Бұл жаңалық қаржы саласын реттеуге, инвестициялық тұрақтылықтың сақталуына дем береді деген сенімдеміз.