Былтыр отандық құрылыс заттары айтарлықтай қымбаттамағанымен, импортталатын құрылыс материалдарының бағасы әжептәуір өсті. Нарықтағы сауда да қарқын алды. Дегенмен, бұлардың ешбірі биыл тұрғын үй нарығындағы бағаны өсіре алмайды.
Доллар бағамы құрылысты қымбаттатты
Былтыр құрылыс құнының қымбаттауына сырттан әкелінетін өнімдердің айтарлықтай қымбаттауы түрткі болды. Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, былтыр импортталған құрылыс өнімдерінің бағасы 7,8 пайызға қымбаттаған. Оның себебі де түсінікті, 2018 жылы доллардың құны жыл басында шамамен 320 теңгеден 370 теңгеге дейін біртіндеп қымбаттады. Орташа бағам 340-350 теңге десек, былтырғы бағам 385 теңгенің айналасында, салыстырмалы түрде тұрақты сақталды. Шетел валютасының шамамен 10 пайыздан астам қымбаттаған кезінде шетелден келетін құрылыс заттары бағасының 7,8 пайыздан астам өсуі орынды.
Ал отандық құрылыс заттарының бағасы импорттық заттар секілді қымбаттамағанымен, жекелеген секторларда айтарлықтай қымбатшылық байқалады. 2019 жылғы жалпы құрылыс құны 1,6 пайыз ғана өссе, соның ішінде құрылыс-монтаж жұмыстары 0,5 пайызға, машиналар мен жабдықтар 3,9 пайызға, өзге де жұмыстар мен шығындар 4,1 пайызға қымбаттаған. Ал материалдар, бөлшектер және конструкциялар бағасының өсімі 0,8 пайызды құрады. Олифа 2,8 пайыз, әк және тауарлы бетон 0,8 пайыз қымбаттады. Есесіне сым мен арматура 0,9 пайыз, битум 0,8 пайыз, табақты шыны 0,5 пайызға арзанда- ған.
Елордада нарық «толып қалды» ма?
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, былтыр он екі айда республика бойынша 320 012 баспана саудаланған. Соның ішінде жыл соңына қарай көрсеткіш қарқын алды. Сарапшылардың пікірінше, егер осы қарқын сақталатын болса, биылғы баспана саудасы былтырғыдан анағұрлым көп болмақ. Оған алғышарттар да жоқ емес. Ал былтырдың өзінде жылжымайтын мүлік саудасы алдыңғы жылдағыдан 21 пайызға өскен.
Өңірлерге тоқталар болсақ, Алматы қаласы мен Алматы облысында халық баспана нарығының көрігін қыздырып отыр. Оңтүстік астанада саудаланған баспана саны алдыңғы жылдағыдан 35,2 пайызға өссе, облыста сауда көлемі 33,2 пайызға ұлғайған. Сұраныс пен ұсыныс бірін-бірі оңтайлы тауып отырған бұл аймақ республика бойынша баспана бағасын жоғары көтеріп тұр десек артық айтқандық емес. Соңғы бірер жылда Қызылорда облысында да баспана саудасы көбейе бастады. Өңірдегі сауда алдыңғы жылдағымен салыстырғанда 34 пайызға өсіпті. Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында да көрсеткіш республикалық орташа көрсеткіштен жоғары. Шамамен 20-25 пайыз аралығында өскен. Ақмола, Ақтөбе, Қостанай облыстарында сауда тым құлдырамағанымен, республикалық орташа көрсеткіштен төмен, 10-20 пайыз аралығында ғана өскен. Маңғыстау облысында тіпті көрсеткіш дәл былтырғыдай, мүлде өзгермеген.
Елордадағы баспана саудасына келер болсақ, бұрынғыдай емес, Нұр-Сұлтан қаласында сауда жыл санап бәсеңдеп келе жатыр. Былтыр сауда көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда бар болғаны 9 пайыз айналасында өскен. Нарықтың көлемі мен республикалық көрсеткіштің 20 пайыздың үстінде екенін және мемлекеттік бағдарламалардың дені елордада шоғырланғанын ескерсек, бұл тым төмен көрсеткіш. Бағаны қымбатсынуы мүмкін дейін десек, Атырау, Алматы қалаларындағы көрсеткіш жыл санап көбеймесе, азаяр емес, соған қарағанда елордаға көшіп келіп жатқан халықтан салынып жатқан үйлер көп секілді.
Нарықта үйдің қымбаттауына нақты алғышарт жоқ
Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, былтыр жаңа үйлер 6,4 пайыз, қайталама нарықтағы абаттандырылған үйлер 6,2 пайыз, абаттандырылмаған үйлер 5,7 пайызға қымбаттапты. Орташа есеппен, 2019 жылы үй бағасы 6 пайыздың үстінде қымбаттады десек және былтырғы инфляцияның 5,8 пайыз болғанын есепке алсақ, жылжымайтын мүлік нарығы тоқырап тұр деп айтуға болады. Сауданың 20 пайыздан артық көбейгенінің өзі бағаны аз да болса өсіре алмағанға ұқсайды. Оның себебі әртүрлі.
Біріншіден, жоғарыда аталғандай, қайталама нарықтағы үйлерге қарағанда жаңа үйлердің бағасы көбірек қымбаттаған. Демек, сауда негізінен жаңа үйлердің есебінен өсіп отыр. Қайталама нарықтағы үйлер жаңа үйлер нарығындағы бағаның өсуімен ғана, жанама ықпалымен ғана қымбаттап келеді. Ал жаңа үйлердің саудасы ең алдымен 7-20-25 секілді мемлекеттік бағдарламалар есебінен өсіп отыр. Басқа салалар секілді жылжымайтын мүлік нарығы да мемлекеттік қолдау арқылы өзін-өзі ұстап тұр деген сөз.
Екіншіден, былтыр ипотека нарығы бар болғаны 2,9 пайызға өсіп, 1,69 трлн теңгеге жеткен. Екінші деңгейлі банктердің несие портфелі былтыр 7,2 пайызға өскенін ескерсек, ипотекалық қарыз портфелінің 2,9 пайызға өсуі нарықтың кері кеткенінің көрсеткіші. Оның үстіне үй бағасының шамамен 6 пайызға қымбаттағанын есепке алсақ, ипотекалық қарыздың көлемі 3 пайыздан аса азайып кеткенін байқаймыз.
Халықтың төлем қабілеті жетпейді
Биыл үй бағасы өседі деген алып-қашпа әңгімеге әзірге нарықта нақты алғышарт байқалмайды. Доллардың қымбаттауы биыл былтырғыдай 10 пайыздан аспауы тиіс. Мемлекеттік бағдарламалардың көбеюімен сұраныс артып, бағаны көтеруі ықтимал десеңіз, сауданың 20 пайызға дейін ұлғаюы бағаға әсер ете алмағанын байқадық. Өйткені мемлекеттік бағдарламалар жекелеген топтарға көрсетілетіндіктен, онда нарықтық бәсекелес болмайды. Үйдің бағасының қымбаттауына жалғыз алғышарт – жалпы инфляция. Ал оның шамамен 5-6 пайыздық дәлізде болатыны белгілі. Үй бағасы да биыл шамамен осы көлемде ғана қымбаттауы ықтимал. Жалпы, үй бағасының қымбаттауына нақты алғышарт жоқ екенін экономист Меруерт Махмұтова да дәйектейді.
«Менің ойымша, үй бағасының ары қарай өсуіне ешқандай себеп жоқ. Баспана қымбаттауы мүмкін деген компания құрылыс компаниялары мен риэлторлардан шығып отыр. Сұраныс бар, бірақ халықтың төлем қабілеті төмен. Халықтың табысы тоқырап, азық-түлік қымбаттап жатыр. Ал бұл үйден де маңызды мәселе. Халықтың ұзақмерзімді инвестиция салатындай артық ақшасы жоқ. Зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін үй алуға жұмсау идеясын ең алғаш қарағандылық құрылыс компаниялары 2019 жылдың шілдесінде көтерген. Мен сол кезде бұл идеяның болашағы жоқ екенін БАҚ өкілдеріне айтқанмын. Салымшылардың тек 0,9 пайызында ғана жеткілікті жинақ ақшасы бар. 70 мың ер адам 8 млн теңгеден артық ақша жинады. Әйел адамдардың тек 20 мыңы ғана 10 млн теңгеден артық ақша жинап үлгерген. Ал олар – қалталы азаматтар, менің ойымша, үйге соншалықты мұқтаж емес. Қазір көрсеткішті аздап төмендетіп, ер адамдарға 6,5 млн теңгеге, әйелдерге 9,6 млн теңгеге азайтты. Алайда жалпы жағдайды бұл өзгерте қоймайды. 10,5 млн салымшының тек 1 пайызы ғана осы талапқа сай келеді. Бұлар баспана нарығына «серпін» бере қоймайды», дейді М.Махмұтова.