Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр Шымкент қаласына сапары кезінде өткізу қабілеті сағатына 2000 жолаушыны құрайтын Шымкент әуежайының жаңа терминалының құрылысымен танысты.
Ондағы құрылыс-монтаж жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталғанын жеткізген жауапты мамандар екінші кезеңнің құрылысын «Альянс Контракт Құрылыс» ЖШС жүзеге асыратынын тілге тиек етті. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары 2 ауысымда жүргізіліп, 115 жұмысшы, 10-ға жуық арнайы техника тартылған. Жаңа терминалдың құрылысын осы жылдың қазан айында аяқтау көзделген.
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шымкент қаласын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын пысықтау мақсатында келген вице-премьер одан әрі тоқтап тұрған «Меланж» АҚ тоқыма фабрикасының және бұрынғы «Ютекс» АҚ тігін фабрикасын іске қайта қосу барысындағы атқарылып жатқан жұмыстарымен танысты. Айта кетерлігі, бұл кәсіпорындардың мүлік меншігі «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ-ға тиесілі.
Елімізде жеңіл өнеркәсіпті дамытуға ерекше көңіл бөлініп келе жатқанын айтқан Үкімет басшысының орынбасары үшінші мегаполисте шағын кәсіпкерлікті көптеп қолға алу керегін айтты.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылғы 21 маусымда Ташкент қаласында қол қойылған Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 18-отырысының хаттамасына сәйкес, екі ел арасындағы тауар айналымын өзара ұлғайту бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы шеңберінде көршілес Өзбекстан тарапымен бірлескен тоқыма кластерін құру мәселесін қарастыру қажеттігі жайлы келісімге қол жеткізілген болатын. Хаттаманы орындау үшін «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ мен Өзбекстанның «Alliance Textile» жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығы арасында өткен жылдың 22 маусымында стратегиялық ынтымақтастық туралы шекті келісім жасалды. Кейіннен тараптар Шымкент қаласында орналасқан меншік құқығындағы аталған қорға тиесілі тоқыма фабрикаларын басқару жөніндегі жол картасын әзірледі. Осы жол картасын орындау барысында «ALLIANCE» сауда-өндіріс компаниясы» ЖШС бірлескен кәсіпорны құрылды. Жол картасы шеңберінде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының тізімі, оны орындау және тоқыма фабрикаларын іске қосу мерзімдері анықталды. Оған қоса қажетті қосалқы бөлшектер сатып алынып, техникалық аудит жүргізіледі. Жол картасының 1-кезеңінде 7 жыл бойы тоқтап тұрған «ALLIANCE» сауда-өндіріс компаниясы» ЖШС (бұрынғы «Ютекс» АҚ) жіп иіру фабрикасы 2019 жылғы 5 желтоқсанда іске қосылып, 120 адам жұмыспен қамтылды. Екінші кезеңде «Ютекс» АҚ тігін фабрикасын биылғы мамыр айында, ал бұрынғы «Меланж» АҚ ағымдағы жылдың желтоқсанында қайта іске қосу жоспарланған.
Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың айтуынша, жол картасының жүзеге асырылуы, тоқыма кәсіпорындарының қайта іске қосылуы үшінші мегаполис үшін өте маңызды. Бүгінде әкімдік тарапынан өндірісті іске қосуға және кәсіпкерлікке мейлінше қолдау көрсетіліп, инфрақұрылымын қалпына келтіру (электрмен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне қосу) жұмыстары қарқынды жүруде.
Аталған фабрикаларды іске қосу Шымкентте тоқыма кластерін қалпына келтіруге жол ашады. Бұл елімізде өңделетін мақта көлемінің 2 есеге өсуін қамтамасыз етіп, 800 адамды жұмыспен қамтуға септігін тигізеді.
ШЫМКЕНТ