• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Қаңтар, 2020

Алматы облысы аумағында энергия құны тағы да қымбаттады

456 рет
көрсетілді

Алматы қаласы мен облысының аумағына электр энергиясын тарататын «АлматыЭнергоСбыт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1 қаңтардан бастап қуат құнының қымбаттағанын хабарлады.

Есеп бойынша, енді тұрғындар тұтынған жарық үшін белгіленген бағаны 4,6 процентке артық  төлейді. Қуат құнының өсуіне энергия тасымалдау тарифтерінің өзгеруі әсер еткен көрінеді. Мәселен, мегаполис пен облысқа қуат көзін жеткізуші «АЖК» компаниясы қызмет көрсету бағасын 6 процентке, «Қалпына келтірілетін қуат көздерін қолдау» орталығы серіктестігі тарифті 30 процентке, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы 2 процентке және «Кегок» акционерлік қоғамы да өз қызметін 12 процентке өсірген екен.  

Енді қала мен облыс аумағындағы энергия шығынын есептеудің жалпы экономикалық тиімді тарифі 19,17 теңге болмақ. Бұған дейін жарықтың жалпы құны 18,32 теңге еді. Ал тұрғындарға тұтынған энергия үшін ақы төлеу бұрынғыдай 3 деңгейлі тариф бойынша есептелмек. Яғни, үйдегі есептеуіш көрсеткен шығын 1-деңгейлі тарифпен 0,79 теңгеге қымбаттап, 17,79 теңге болса, 2-деңгейлі тариф 21,99 теңгеден өсіп 23 теңгені құрайды. Ал бұған дейін 27,48 теңге болып келген 3-деңгейлі тариф құны 28,76 теңгеге көбейді.

Айтпақшы, «АлматыЭнергоСбыт» серіктестігі араға 2 ай салып энергия құнын тағы да өсіріп отыр. 2019 жылдың 1 қарашасынан бастап Алматы қаласы мен облысы аумағындағы төлем тарифі шамамен 1 теңгеге қымбаттаған болатын. Табиғи монополияны реттеу комитеті ол кезде энергия босатудың орташа құнын, яғни жалпы экономикалық тиімді тарифті 18,32 теңге мөлшерінде белгілеуге бірден келісім берген еді.

 

 

Алматы облысы