Бердібек Сапарбаев елордадағы Назарбаев зияткерлік мектебіне барды. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
Вице-премьер оқу үдерісімен, оқушылардың жетістіктерімен танысып, білім беру саласындағы озық инновациялық технологиялар қолданылатын өзін-өзі тану, нанотехнологиялар, биотехнологиялар кабинеттерін, қыш шеберханасын және зертханаларды аралап көрді.
«НЗМ» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова ағымдағы қызметі мен даму перспективалары туралы айтып берді.
Сондай-ақ НЗМ басшысы қала және ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты қысқартуға бағытталған «Ауыл мектебі» жобасымен таныстырды.
Жоба аясында ауылдық жерлердегі мектептердің күшті және әлсіз жақтарына, сондай-ақ олардың қажеттіліктеріне талдау жүргізу жоспарланып отыр. Әзірленген ұсыныстарды ескере отырып, ауылдық мектептердегі білім берудің сапасы мен материалдық-техникалық базасын жақсарту жөнінде кешенді шаралар қабылданатын болады.
Бердібек Сапарбаев ұсынылған жобаны мақұлдап, Білім және ғылым министрлігіне оны Қарағанды, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында пилоттық режимде іске асыруды тапсырды.
«Мемлекет басшысы қаладағы және ауылдағы білім беру деңгейіндегі айырмашылықтарды барынша қысқартуды, балалардың сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл проблеманы шешу үшін бізге НЗМ республикалық желісінің озық тәжірибесін пайдалану қажет. Біздің мақсатымыз – балалардың жан-жақты дамуына, олардың шығармашылық қабілеттері мен креативті ойлауына барынша қолайлы жағдай жасау. Мектеп қабырғасынан бастап балаларда өз таланттарын ашуға мүмкіндік болуы тиіс» деп атап өтті Б. Сапарбаев.
Сондай-ақ кеңес барысында ЭЫДҰ оқушылардың білім жетістіктерін бағалау жөніндегі халықаралық бағдарламасы (PISA) аясында Қазақстанның көрсеткіштерін жақсарту мәселелері талқыланды.
Бұдан өзге, Бердібек Сапарбаев Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің және Халықаралық туризм және қонақжайлылық университетінің жұмысымен танысты.