Жаңа жыл бастала салысымен футболдан Қазақстан Премьер-лигасының (ҚПЛ) командалары ел чемпионатының биылғы маусымына дайындықтарын бастап жіберді. Тіпті кейбір клубтар оқу-жаттығу жиынын 3 қаңтардан бастаса, келесілері бірінші команда құрамын күшейтіп, қызықты трансфермен дайындыққа кірісіп жатыр. Осы орайда біз командалардың жаңа маусымға әзірліктері туралы шолып көреміз.
«Астана»
Еліміздің алты дүркін чемпиондары жылды бас бапкер ауыстырумен бастады. Команданы бұған дейін жаттықтырып келген украиналық Роман Григорчук «Астанамен» келісімшартын үзді. Ал клуб тізгінін Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Михал Билек ұстады. Енді Билек ұлттық құрама мен «Астанада» «билік» жүргізетін болады. Жаңа бас бапкермен «Астана» бірінші оқу-жаттығу жиынын 15 қаңтарда Португалияда бастап кетті. 10 ақпанға дейін Еуропада жаттығып, халықаралық «Атлантик Кап» турниріне қатысады. Сондай-ақ 25 қаңтарда ағылшынның «Брентфорд» командасымен жолдастық кездесу өткізеді.
Әзірше елорда клубы құрамын күшейтуге асығар емес. Есесіне келісімшарты аяқталған бірнеше футболшы командадан кетті. Атап айтар болсақ, олар: қақпашы Александр Мокин, жартылай қорғаушылар Серікжан Мұжықов, Роман Мұртазаев және шабуылшы Сергей Хижниченко. Қазірде 4 футболшының жалпы трансфер құны 4 млн еуро шамасында. «Астана» бұл ойыншыларды тегін жіберген соң, клуб бюджеті осынша сомада шығынға батты. Ал өткен маусымда «Ордабасыда» жалда ойнаған қақпашы Дмитро Непогодов, қорғаушылар Сергей Малый, Марат Быстров және шабуылшы Алексей Щеткин командаға оралса, Иван Маевскиймен келісімшартын ұзартты.
«Қайрат»
Оңтүстік астананың командасы маусымға дайындығын 3 қаңтарда Алматыдағы жаттығу базасында бастап, 17 қаңтарда екінші жиынын өткізу үшін Түркияға аттанып кетті. Бұл жақта «сары-қаралардың» Польшаның «Легия», Киевтің «Динамо» және Болгарияның «Лудогорец» клубтарымен жолдастық матчтары жоспарланған.
«Қайрат» клубы да құрамын күшейтуге асығар емес. Әзірше командаға былтыр «Жетісу» сапында тәуір ойын көрсеткен армениялық Камо Оганесян ғана қосылды. Сондай-ақ өткен жылдың соңында Адеринсола Эсеола, Айбол Әбікен және Сергей Кейлермен келісімшартын ұзартты. Ал маусымаралық үзілісте командадан Георгий Жуков, Исламбек Қуат, Сергей Политевич, Елдос Ахметов, Мартон Эппел мен Хан Чжон Ву және Бауыржан Исламхан кетті. Жуков Польшаның «Висла» командасына, Қуат Ресейдің «Оренбург», ал Исламхан Санкт-петербургтің «Зенит» сапына ауысты.
«Ордабасы»
Былтырғы чемпионатты қола жүлдемен аяқтаған Шымкенттің «Ордабасы» клубы да алдағы маусымға дайындығын жергілікті «БИІК» спорт кешенінде өткізіп жатыр. Ал 23 қаңтарда Түркияда оқу-жаттығу жиыны жоспарланған. Қазірдің өзінде «Ордабасы» негізгі құрамның бірнеше ойыншысымен қоштасты.
Жоғарыда атап өткендей, Непогодов, Малый, Быстров және Щеткин «Астанамен» Португалияда жүр. Былтырдан бастап ұлттық құрамаға шақырту алған Темірлан Ерланов биыл «Тобылдың» намысын қорғайды. Өткен маусымда команданы өрге сүйреген легионерлер Жоао Пауло, Май Махлангу, Мирзад Механович, Зиги Бадибангалардың клубта қалу-қалмаулары да белгісіз болып тұр.
«Тобыл»
Қостанайдың командасы биылғы ҚПЛ командаларының арасында қазірше ең белсендісі. Маусымаралық үзілісте клуб 2018 жылы Қазақстандағы ең үздік жаттықтырушы атанған Григорий Бабаянға команда тізгінін ұстатты. Футболдан жылға жуық қол үзіп қалған Бабаян жұмысына бірден білек сыбана кірісіп, клубты күшейте бастады.
Былтыр «Қайсар» сапында ойнаған қорғаушы Александр Марочкин, «Шахтердің» үздіктері саналған қақпашы Игорь Шацкий мен шабуылшы Оралхан Өміртаев және «Ордабасы» қорғаушысы Темірлан Ерланов ендігі маусымды «Тобылда» өткізеді. Сонымен қатар «Ertis» ойыншысы Сағадат Тұрсынбай бір жыл жалда ойнайтын болады. Ал команда капитаны Азат Нұрғалиев пен қақпашы Сұлтан Бусурманов клубпен келісімшартын ұзартты. Есесіне «Тобылдан» қақпашы Жасур Нәрзіқұлов, қорғаушы Виктор Дмитренко мен шабуылшы Бауыржан Тұрысбек кетті.
Қазіргі таңда «Тобыл» Біріккен Араб Әмірліктерінде жаңа маусымға дайындығын пысықтап жатыр. Бір айта кетерлігі, егер «Астана» мен «Қайрат» клубтары трансферде белсенділік танытып, құрамын күшейтпесе, «Тобыл» осы қарқынымен биыл ел чемпиондығына таласуы әбден мүмкін.
«Қайсар»
2019 жылғы Қазақстан Кубогының иегері қазақстандық командалар арасынан алғашқылардың бірі болып жаңа маусымға дайындықтарын бастады. Қазір «қасқырлар» Түркияның Анталия қаласында жаттығып жатыр. 23 қаңтарда екі жолдастық ойын жоспарланған.
Команда биыл Еуропа лигасына қатысатын болса да, құрамын әлі күшейтер емес. Иә, Елдос Ахметов, Бағдат Қайыров, Элвин Фортес, Қуаныш Қалмұратов, Ризван Аблитаров және Элгуджей Лобжанидзе «Қайсар» сапын толықтырғанымен, оларды жоғары деңгейдегі футболшылар деп айта алмаймыз. Ал Тигран Барсегянның кетуі команданы әлсіретуі ықтимал. Егер қызылордалықтар қысқы трансферде құрамын күшейтпесе, биыл жүлделі орыннан да, Еурокубок бәсекелерінен де үмітін үзе берсе болады деп топшылаймыз.
«Шахтер»
Биыл құрамын күшейтіп, чемпиондық үшін таласуы тиіс болған кеншілер өңірінің командасы алға жылжудың орнына, құлдырап бара жатқан сыңайлы. Себебі «Шахтер» Түркиядағы оқу-жаттығу жиынына клуб тәрбиеленушілері мен былтыр Бірінші лигада доп тепкен Тимурбек Закиров, Карам Сұлтанов, Павел Кривенцев, Әди Адамбаев секілді есімдері жанкүйерлерге аса таныс емес бірнеше ойыншыны қаралымға алды.
Клубқа жаңадан тағайындалған басшы Ерлан Оразов бұл футболшылармен қандай жетістікке жетуді көздеп отырғанын болжау қиын. Айтпақшы, былтыр команданы баптаған болгариялық маман Николай Костовтың орнына биыл отандасы Вячеслав Грозный келді.
«Жетісу», «Ertis», «Оқжетпес»
Аталған үш команда да Түркия жерінде алдағы маусымға дайындықтарын пысықтап жатыр. «Жетісуда» қазір айтарлықтай өзгеріс жоқ. Былтырғы құраммен жаңа маусымға дайындалуда.
Сондай-ақ «Оқжетпес» клубында да аса қатты өзгеріс жоқ. Команда Түркияға клубтың 8 тәрбиеленушісін алып кеткен. Былтыр шағын бюджетпен команданы 7-орынға дейін жеткізген бас бапкері Андрей Карпович биыл да клубты жаттықтыратын болды.
Ал Павлодардың «Ertis» клубы құрамын белорусиялық қақпашы Сергей Черник, грузиялық шабуылшы Леван Куталия, аргентиналық жартылай қорғаушы Пабло Хоакин мен черногориялық Боян Санкови және сербиялық қорғаушы Марко Томичеммен күшейтті. Бұл футболшылар «Ertis» үшін қаншалықты пайдалы ойыншы екенін алдағы уақытта білетін боламыз.
«Тараз», «Қызылжар», «Каспий»
Өткен маусымда Премьер-лигада жан сақтап қалу үшін електік ойын өткізіп, жеңіске жеткен «Тараз» қазір Қазақстанда жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Клуб баспасөз қызметінің хабарлауынша, команда биыл жергілікті футболшылар мен жас ойыншыларға үміт артпақ. Егер дәл солай болатын болса, келесі жылы «Таразды» Бірінші лигадан көруіміз әбден мүмкін. Десе де командаға жаңадан тағайындалған бас бапкер Владимир Никитенкоға басшылық клубты Премьер-лигада алып қалу міндетін жүктеді.
«Қызылжарды» Бірінші лигадан жоғары лигаға шығарған бас бапкер Әли Әлиев қызметінен кетті. Оның орнына молдовалық маман Вячеслав Руснак келді. Команда қазір Түркияда жаттығып жатыр.
Сондай-ақ жоспар бойынша алты жолдастық кездесу өткізеді. Ал қазірше командада ешқандай трансфер жоқ. Сондай-ақ Премьер-лиганы толықтырған Ақтаудың «Каспий» командасы 17 ойыншымен Түркияда жаттығып жатыр.
Жоғарыдағы үш команданың былтырғы құрамымен қандай «жетістікке» жеткенін барша жанкүйер жақсы біледі. Команда басшылығы жергілікті жанкүйерлерді неге жаңа ойыншылармен, клубтың жоғары жетістігімен қуантпайды екен? Басқа клубтардың қалай жұмыс істеп отырғанын басшылық біліп, көріп отыр ғой. Әлде клуб басшылығы «Бастысы жеңіс емес, бастысы – қатысу» қағидасын ұстана ма екен?!
Біздіңше, кеңірек көсілуге командалардың бюджеті мүмкіндік бермейтін секілді.