• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Қаңтар, 2020

Алматы жасыл қалаға айналады

244 рет
көрсетілді

Алматы қаласы жасыл экономика басқармасының басшысы Ержан Сейтенов «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар аясында жасыл қорды дамыту перспективалары туралы айтып берді. Бұл баспасөз мәслихатына «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ басқарушы директоры Батыр Әлімжанов пен Қазақстанның көгалдандыру қауымдастығының президенті Татьяна Антоненко қатысты.

Есте болса, былтыр желтоқсанда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Алматы қаласының ерекше мәрте­бесі туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қол қой­ған еді. Осының нәтижесінде ша­һар басшылығы 28 жаңа құзыретті ен­гі­зуге бастама жасап, оның ішінде жа­сыл экономиканы дамыту ісін ай­рық­ша назарға алған.

Алматы әкімдігінің жаңа құзы­ре­ті­нің бірі – қаланың жасыл желегін қор­ғаудың жеке ережесін әзірлеу мен бекіту. Жаңа ережелерді әзірлеу мега­полистің жасыл қорын дамыту жөніндегі жұмыс тиімділігін арт­тыра түспек. Мамандардың сөзі­не қарағанда, жаңа өзгерістерде бұ­рын­нан бар проблемаларды шешу тетік­тері енгізіледі. Олар – стандарт­тар, регламенттер, нұсқаулар, әдістемелік тұжырымдамалар. Бұ­лар­­дың бар­лы­ғы елдімекендердің аумағында өсетін жасыл желекті қор­ғау, рұқсат құжаттары болмаса да, ағаш кесу­ге жол бергендерге қай­та ағаш отыр­ғы­зу нормаларын рет­теу секілді мәсе­ле­лер­ді қамтиды.

Е.Сейтеновтің айтуынша, бұған дейін ағаштарды заңсыз кесу кезінде жасыл қорға келтірілген залалды есептеу әдіс­темесі болған жоқ. Жасар­ту, кронды қалыптастыру, жа­сыл желек­терді санитарлық кесу үшін рұқсат алу талап етілмеуі, бұл жұ­­мыстармен нақты тәжірибесі жоқ адамдардың айналысуына әкеліп соқты. Нәтижесінде, осының бар­лы­ғы жасыл желектердің жай-күйінің нашарлауына алып келді.

Жасыл желекті ұстау мен қор­ғау­дың жаңа ережелеріне оны жасарту, санитарлық кесу, жасыл желек­ті кү­тіп-баптау жөніндегі техно­ло­гия­лық нұсқаулар, заңсыз кескені, жасыл желекке залал келтіргені үшін жауапкершілікке тарту, қаланың жасыл қорын қорғау нормалары енген.

Ержан Сейтенов бұл орайда жаңа ережелерді әзірлеу үшін жұмыс тобы құрылғанын, оның құрамына сарапшылар қоғамдастығының, жұрт­шы­лық­тың және ғылым өкілдерінің енгенін айтты. Алдағы көктем айла­рында жасыл Алматының жар­қы­­раған жобасы басталатынын жет­кіз­ді.

Жаңа Ереже жобасына бірқатар жаңа норма енді. Оның іске аса­тын негізгі бөлігі мынадай: Ағаш­тар­­ды санитарлық кесу, жасарту қала әкімдігінің келісімімен ғана жүр­гізілетін болады; Әкімдіктің рұқ­сатымен санитарлық жолмен немесе әдейі кесілген ағаштардың орнына жасыл желектер қайта отыр­ғызылады, магистральды көше­лер­дің бойына діңгегі 20-25 см бо­латын жапырақты ағаш түрлері отыр­ғызылады, қылқан жапырақты ағаш­тардың биіктігі кем дегенде 2,5 метр (І немесе ІІ сыныпты сапа) болуы тиіс; Алынған ағаш шығынын өтеудің әдісі жасалды, соның нәти­же­сінде келтірілген залалдың нақ­ты­лы бағасы анықталады; Ағаш апат­ты жағдайда алынса, оның орны­на отырғызылатыны – 1-ге 1, әдейі отырғызылатыны – бірінің орнына 10, заңсыз алынғаны үшін – біреуінің орнына 100; Жасыл желектердің кепілдемелі мерзімі – 3 жыл;

Бағдарламалар әкімгерлері орта­лық қолданыстағы жерлердегі жасыл желектерді көктемгі-жазғы және жазғы-күзгі мезгілдерде сауықтыру әрі зиянкестерден және түрі аурулардан қорғау үшін кем дегенде 4 рет нақ­тылы шараларды жүзеге асыратын болады.

Ережелер жобасы жергілікті ақ­па­рат құралдары арқылы талқы­ла­нып, оның ішінде қалалық жасыл экономика басқармасының ресми сайтында да жарияланады. Сондай-ақ ниет білдірушілердің барлығы жасыл қорды жақсарту жөніндегі жеке ұсыныстарын жібере алады.

«Жұртшылықпен, «Атамекен» ҰКП-мен және басқа да мүдделі органдармен, ұйымдармен келісілген соң жасыл желекті ұстау және қор­ғау жөніндегі жаңа ережелерді бе­кіту үшін Алматы қаласының мәс­ли­ха­ты­на ұсынылады», деп атап өтті Е.Сейтенов.

 

 

АЛМАТЫ