Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов өңірде волонтерлік-қайырымдылық жобасын бекітіп, нәтижесінде осы уақытқа дейін аймақтан 13 қайырымдылық дүкені ашылған. Сонымен қатар, бүгінде аймақта 2000-ға жуық ерікті қайырымдылық жұмыстарымен айналысуда. Жамбыл жастары бұл мақсатта 250 мың үй мен ауланы аралап, әр отбасының тұрмыс жағдайына қатысты мәліметтерді алған. Ал өңірде ашылып отырған 13 қайырымдылық дүкенінің 3-еуі Тараз қаласында, қалған 10 дүкен аудандарда орналасқан.
Аймақта орналасқан ерекше дүкендерге келушілерге киім-кешек тегін беріліп, оларға тегін қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар зат алу үшін әрбір азамат жеке куәлігімен келе алады. Ал дүкеннен зат алуға келген адам міндетті түрде арнайы дерекқор тіркеледі. Содан кейін келушінің мәртебесі автоматты түрде анықталады. Кейін мұқтаждығына қарай қолдау көрсетіледі. Бүгінге дейін 900-ге жуық тұрғынның тізімі жасалған болса, оның 40 пайызы дүкенге тұрақты түрде келеді екен. Алайда тұрғындар бұл жерден заттарды алып қана қоймай, өткізуіне де болады. Бұл үшін қаладағы ірі сауда және халық көп жиналатын орындарда арнайы жәшіктер орнатылған. Бүгінге дейін 5 жарым тонна киім жиналып, оның бір бөлігі мұқтаж жандарға таратылған. Жиналған киімдерді жөнге келтіріп, барынша жуып, тазалайтын волонтерлер жұмысы ұйымдастырылған. «Әлеуметтік карта 24 тармақтан тұрады. Оларға киім, азық-түлік береміз. Бірақ бұл олардың мәселесін толық шешпейтіні белгілі. Сондықтан да отбасындағы жастарды оқыту, кәсіптік бағдар беру, жұмыспен қамту немесе оларды кәсіпке баулу мақсатында гранттық жобаларға тартамыз», дейді Жамбыл облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Мөрбеков. Енді, өңірдегі волонтерлер келесі жылдан бастап түрлі бағытта жұмыс істейтін болады. Олардың бірі әлеуметтік саланы таңдаса, енді бірі ұлттық құндылық, рухани жаңғыру, туризм сияқты салаларды таңдап отыр.
Жамбыл облысы