Мәнерлеп сырғанаудан 2019 жылғы әлем біріншілігінің және «Төрт құрлық чемпионатының» күміс жүлдегері Элизабет Тұрсынбаева биылғы маусымнан сырт қалды. Спортшы белінен алған жарақатына байланысты наурыз айында өтетін әлем чемпионатына да қатыса алмайды. Бұл туралы ол Olympic.kz сайтына берген сұхбатында айтты.
«Жарақатымнан толық айыққан жоқпын. Сол себепті, наурыз айында Канаданың Монреаль қаласында өтетін әлем біріншілігіне бара алмаймын. Менің қазіргі мақсатым – жарақатымнан құлан-таза айығып, келесі маусымда жақсы өнер көрсетуге тырысу. Бұл ұзақ уақыттан бері сыр берген жарақат. Көптеген күш пен ауыртпалықтың жиналуынан пайда болған сияқты. Емделіп жатырмын. Дегенмен, жарақаттан толық сауығып кету үшін уақыт керек»,- деді Элизабет Тұрсынбаева Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Спортшы келесі маусымда сәтті өнер көрсету үшін барын салатынын айтты.