• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Президент 22 Қаңтар, 2020

Конституциялық Кеңестің мәжілісіне қатысты

184 рет
көрсетілді

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Конститу­циялық Кеңестің отырысына қатысты. Онда Қазақстан Респуб­ли­касының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 107-бабының 8) тар­мақшасын конституциялық емес деп тану туралы мәселе қа­ралды.

Жиында сөз алған Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Н.Назарбаев аза­мат­тардың тұрғын үй құқық­тарын іске асыру мәселесі мемле­кеттің әлеу­­мет­тік саясатының басым бағыты екендігіне тоқталды. Сон­­дай-ақ Елбасы мемле­кеттік әлеу­мет­тік саясат тұрғысынан заң­на­­­малық базаны жетілдіру ерекше ма­­ңызға ие екенін атап көрсетті.

Сонымен қатар тұрғын үй құқы­ғын іске асыру мәселесі халықтың әл-ауқатына тікелей байланысты екендігін айтты.

«Менің тапсырмам бойынша бір­неше мемлекеттік бағдарлама іске асырылды. Бұрын баспана сатып алуға мүмкіндігі болмаған қазақ­­­стан­­дықтар үшін тұрғын үйдің қолжетім­­ділігі қамтамасыз етілді», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Ата Заңды құр­меттеу және қатаң сақтау ел­дің сәтті дамуы­ның кепілі екендігін және Консти­ту­цияның 25 жыл­дық мерейтойы қарсаңында бұл мәсе­ленің өзектілігі артып отырған­ды­ғын тілге тиек етті.

Конституциялық Кеңестің Төр­ағасы Қайрат Мәми бұл оты­рыс­ еліміздің конституциялық дамуы тарихында айтулы оқиға екенін өйт­кені ол азаматтардың конс­ти­туциялық құқықтарын қамта­масыз етумен тығыз байланысты екенін жеткізді.

– Қазақстан Республикасы Конституциясы 71-ба­бының 1-тармағына сәйкес Қазақ­стан­ның Тұңғыш Прези­денті – Ел­басы Конституциялық Ке­ңес­тің ғұмыр бойы мүшесі, – деді Қ.Мәми.

Заңның аталған нормасы жетілмегені және азаматтардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтіруі мүмкін екендігі қозғалды.

Іс-шара барысында Үкі­мет, Парламент Сенаты жә­не Мәжілісі, Жоғарғы сот, Бас прокуратура өкілдері мен сарапшылардың пікірі тың­далды.

Өз кезегінде Жоғарғы сот төр­­ағасы Жақып Асанов: «Біз Конс­ти­туциялық Кеңеске өзі­міз­дің қо­рытындымызды жібер­дік. Қоры­тындыда арнайы талдау қам­тылған. Онда адам құ­қы­ғын және бостандығын қор­ғау­дың негізгі қағидаттары, сон­­дай-ақ мемлекеттің консти­ту­циялық кепілдігі, соның ішін­де азаматтарды тұрғын үймен қамту мәселесі бар», дей келіп, Конституциялық Кеңес­тен осы мәселе- ге мұқият қарауды сұрады.

Отырыста Мәжіліс Төраға­сының орынбасары Гүлмира Исимбаева Елбасы бастамасымен қолға алынған «7-20-25», «Бақытты отбасы», «Тұр­-ғынүйқұрылысжинақбанкінің» бағ­дарламалары, сондай-ақ «Нұрлы жер» бағ­дарламасы аясында жұмыс істеп жүрген жас­тарды тұрғын үймен қамта­масыз ету ісі бойынша тиісті ша­ралар қабылданып жатқанын айта келіп, «Қа­зақ­стан өзінің халықаралық мін­деттемелерін толық орындап отыр дей аламыз. Азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, жағдай жасау конс­титуциялық норма заң жүзінде іске асырылып келеді. Бұл заң­ның қабылданғанына 22 жыл болғанын бәріміз білеміз. Алда­ғы уақытта құқық қолдану тәжіри­бесінде екіұдай түсінікті болдырмау және қателікке жол бермеу үшін осы нормаға тиісті түзетулер енгізу мүмкін екенін де жоққа шығармаймыз», деді.

Жиынға қатысушылардың пікірлері мен жауаптарынан кейін Конституциялық Кеңес нормативтік қаулы қабылдады. Аталған қаулы басылымдарда жарияланады.