• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Қаңтар, 2020

Инклюзивті білім ауылдық жерлер үшін де өзекті

1867 рет
көрсетілді

Соңғы жылдары еліміздің білім саласына инклюзивті білім беру деген жаңа ұғымның енгені белгілі. Инклюзив дегеніміз, қарапайым тілмен айтсақ, ерекше қажеттілігі бар, яғни ақыл-ойында, физикалық дамуында кемістігі бар балалардың қатардағы мектеп оқушыларымен (балабақша тәрбиеленушілермен) тең дәрежеде білім алуы, бірге оқуы. Қазақы пайымға салсақ, оларды бөліп-жармау, өзекке теппей, өзімсіне бауырға басу.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бұл мәселеге ерекше екпін беріп: «Қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр. Үкімет БЦП диаг­нозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауы керек. Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту ор­талықтарының желісін кеңейту қа­жет. Біз ерекше қажеттіліктері бар адам­­дар үшін бірдей мүмкіндік жасауға мін­деттіміз. Үкіметке енді осы мақсатқа үш жыл ішінде кем дегенде 58 мил­лиард теңге бөлуді тапсырамын» деген еді.

 15 мыңнан асады

Иә, қазір елімізде инклюзивті оқыту бойынша алға жылжу байқалады. Инклюзивті білім беруге арналған оқулықтар, әдістемелер шығарылып, әртүрлі бағдарлама қабылдануда. Шы­ғыс Қазақстанда да бұл тарапта тиісті жұмыстар қолға алынуда. 2018 жылы облыста Инклюзивті білім берудің жол картасы әзірленіпті.

«Облыс әкімінің тапсырмасымен әзірленген осы бағдарламадан кейін мектептерде тиісті жағдай жасала бастады. Облыс көлемінде 38 мектеп тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға бейімделсе, 2020 жылы 19 білім ұйымында осындай жұмыстар қолға алынбақ.  Былтыр 500 мұғалім оқытылды. Биыл 700 мұғалім мен мектепке дейінгі білім беру орындарының 200 тәрбиешісі курстан өтеді. Инклюзивті негізде білім беретін мұғалімдерге қосымша ақы төленіп жатыр. Өңірімізде «Дара» қайырымдылық қорының, «Болашақ» корпоративтік қорының, «Niet Woman» қоғамдық бірлестігінің көмегімен 10 инклюзивті білім берудің ресурстық орталығы ашылды. Жақын уақытта 56 инклюзивті қолдау кабинетін, 293 психолог кабинетін, 47 инклюзияны қолдау аймағын қалалық, ауылдық мектептерде ашуды жоспарлап отырмыз.  Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 2020 жылға 253 мың теңге бөлінді» дейді облыстық Білім басқармасы қорғаншылық, қамқоршылық және интернаттық ұйымдар бөлімінің бас маманы Сәуле Мұздапарова.

Басқарма берген мәліметтерге сүйен­сек, бүгінде облыста 15 мыңнан астам ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар (0 жастан 18 жасқа дейінгі) тұрады. Оларға психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясының ұсынысына сәйкес мектепте оқушы­лармен бірге, үйде немесе арнайы білім алуға ұсыным  беріледі екен. Бір сыныпта инклюзивті білім алатын оқушы саны бір-екі баладан аспауы керек. Сонымен қатар осы санаттағы балалар бір параллельде көп болған жағдайда оқушылар саны 12-ден аспайтын түзету сыныптарын даярлық тобында немесе 1-сыныптан бастап ашуға болады екен.

 Мұғалімдер не дейді?

Инклюзивті білім бүгінде қалаға да, ауылға да жаппай енгізілгенімен, бұл тарапта шешімін таппай жатқан мәселелер де жоқ емес. Әсіресе ауыл­ды жерлердегі инклюзивті негізде сабақ беріп жүрген мұғалімдердің бірқатары қолдарына ешқандай арнайы нұсқаулық, бағдарлама, оқулық тимегенін, соған қарамастан алдындағы екі-үш баланы өз білгендерінше оқытып жатқандарын айтады. «Бізге мемлекет осы үшін қосымша ақы төлеп жатыр. Соған сай білім беруіміз керек қой. Ақшасын алып, қолымызды қусырып отырғанымыз ыңғайсыз екен. Ақшаны қойыңызшы, алдымыздағы көзі жәудіреп отырған балаларға обал. Соларға жаным ашиды. Олар мектеп бағдарламасынан мүлде қалып жатыр. Өзім инклюзивті негізде екі балаға сабақ беремін. Қолымда бағыт-бағдар ретінде ұстанар, негізге алар бірде-бір бағдарлама немесе оқулық жоқ.

Тағы бір түйткіл, бізге инклюзив сабақ бергеніміз үшін жа­лақыға қосымша 7 мың теңге тө­ле­неді. Бірақ бір балаға сабақ берген де, 3 баланы­ оқытқан да сол 7 мыңды алады. Бұл қалай? Қиындығы неге ес­керіл­мей­ді? Кейбір әріптестерім осыны тү­сін­бей дал», дейді Жарма ауданы, Қал­батау ауылындағы Георгиевка орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Мәдина Қызжанова.    

Осы ауданның басқа ауылында инклюзивті негізде бастауыш сыныпта сабақ беретін (аты-жөнін жазбауымызды өтінді) мұғалімнің бірі: «Менің сыныбымда психологиялық дамуы тежелген, тілінде кемістігі бар бір оқушы білім алады. Үшінші сыныпта оқыса да, әлі күнге дейін санау­ды білмейді. Бүгін айтқанды ертең ұмы­тып қалады. Сондықтан әупірімдеп 1-сыныптың бағдарламасымен әлі келе жатырмыз. Біздің мектебімізде баланың тілін шығаруға көмектесетін логопед маман да жоқ. Жалғыз психолог не істесін?! Әттең, қолымда оқулық та жоқ. Оқулық болса, ақшасын төлеп, өзім-ақ сатып алар едім», деп ауылдағы талай мұғалімнің басындағы кепті жеткізгендей болды. Ал Абай ауданындағы ауылдардың бірінде мектепалды даярлық сыныбында тәрбиеші болып еңбек ететін мұғалім де аты-жөнін көрсетпеуді өтініп, өзін толғандырған бір мәселені жеткізді. «Менің сыныбымда бір бала бар. Білуімше, осындай санаттағы балалармен мұғалімдермен бірге психолог, логопед, дефектологтер жұмыс істеуі керек. Әуелі соларды оқытып, олар бізге білгендерін үйретуі керек қой. Алайда бізде логопед те, дефектолог та жоқ. Сондықтан инклюзив балаларға нақты, жеке бағдарлама шықса жақсы болар еді», дейді ол.

 Оқулық та, бағдарлама да бар...

Жоғарыда мұғалімдер көтерген мә­се­лелердің мән-жайын, анық-қа­нығын білейік деп облыстық Білім бас­қармасына барғанымызда Білім және ғылым министрлігі тарапынан ин­­клюзивті оқытуға қатысты бір емес, бір­неше оқулық, әдістемелік құралдар мен ұсынымдар шыққанын, көптеген мектеп мұны оқу процесінде қол­данып жатқанын жеткізді. «Ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оқу­лықтар бар. Әр мектеп жергілікті білім бөлімдеріне тапсырыс беруі керек. Мәселен, Өскемен қаласы мен Үржар ауда­нының кейбір мектептері осындай оқулықтарды алды. Түсіндіріп өтейін, ерекше қажеттіліктері бар оқушылар білім алатын мектептерде логопед, дефектологтер болмаса, мұғалімге психолог көмектесуі керек. Осындай санаттағы балалар саны аз мектептерде кабинетте арнайы ресурстық аймақ ашылып, сонда оқушылармен түзеу жұмыстары жүргізілуі қажет. Қазір ерекше қажеттіліктері бар балалар оқитын мектепте логопед, сурдопедагог, тифлопедагог, олигофренопедагог (жалпы атауы – дефектолог) секілді мамандардың болу қажеттігі мәселе ретінде көтерілуде. Алдағы уа­қыт­та шешіліп қалуы мүмкін», дейді басқарманың бас маманы Сәуле Мұздапарова.

Ауыл мектептерінде инклюзивті білім беру тұрғысында кедергілер бол­ғанымен қала мектептерінде бұл тарапта көп қиындық жоқ секілді. Қала мен ауыл мектептерінің ара­сындағы айырма­ны бағамдайық деп Өскемендегі №8 орта мектепке арнайы барғанымызда, жер мен көктей өзгешелік бар екенін аңғар­дық. Төрт жүзден астам оқушы білім алатын бұл оқу ордасында бүгінде 7 кор­рекциялық сынып (64 оқушы) бар, 15 бала инклюзивті білім алса, 4 оқу­шы үйде оқиды. Мектепте 2018 жылы «Дара» қайырымдылық қорының демеу­шілігімен инклюзивті білім берудің ресурстық орталығы ашылыпты. Мұнда логопед те, дефектолог та, психолог та бар. «Осы мамандар ерекше қа­жеттілігі бар балалармен тығыз жұмыс істейді. Біз мектепке ата-аналарды да шақырып тұрамыз. Ресурстық орталықта ақыл-ойында, физикалық дамуында кемістігі бар балалардың жағдайын жақсартуға, денсаулықтарын түзеп, нығайтуға барынша жағдай жасалған. Біз Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақ­стан мемлекеттік университеті сту­денттерімен де етене жұмыс істейміз. Былтыр осы оқу орнының 21 студенті мек­тепте тәжірибеден өтіп, ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеді. Біз өз тәжірибемізді ауыл мек­тептерімен бөлісуге, білгенімізді үйре­туге дайынбыз»,  дейді мектеп директоры Раиса Ескендірова.

 

Шығыс Қазақстан облысы