Нұр-Сұлтан қаласындағы «Нұрлы жол» вокзалына Беларусь Республикасының Гомель қаласында күрделі жөндеуден өткен жолаушылар вагоны таныстырылды.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Михаэль Кортюмнің айтуынша, ескі вагонды жөндеу кезінде тұтас металл шанақ пен қаңқасынан басқа бөлшектердің бәрі толықтай жаңартылды.
«Беларусьте күрделі жөндеуден өткен жолаушылар вагон толық жаңартылып, купе вагонынан плацкарт вагоны жасақталды. Вагон ішінде енді бейнебақылау, кондиционер жүйесі, әрбір жолаушының отыратын орнында қуаты 220В-тық электр нүктесі, жолсерікті шақыруға арналған сигналды түймеше, таза су кулері, тоңазытқыш пен қысқа толқынды пеш орнатылды», деді бас директор.
Компанияның даму стратегиясының маңызды бағыттарының бірі – жолаушылар вагондарының тапшылығын шешу. Осы орайда «Жолаушылар тасымалы» АҚ вагондардың санына ғана емес, сапасына да көңіл бөледі. Қазіргі уақытта ескі вагондарды жөндеу кестесі әзірленген. Вагон паркін кезең-кезеңімен жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жыл сайын вагондар 100 бірлікке дейін жаңартылмақ.
Жалпы 2016-2019 жылдар аралығында 269 вагон сатып алынды. Оның ішінде өткен жылы «Тұлпар» ЖШС вагон жасау зауытының Ресей технологиясы бойынша құрастырылған 91 жаңа вагоны бар. 2020 жылы «Тұлпар» ЖШС-нен 118 вагон сатып алу жоспарлануда. Оның 18 данасы – 2020 жылдың 1 тоқсанында, ал қалған 100 данасы 2020 жылдың 4-ші тоқсанына жоспарланған. Сондай-ақ қызмет көрсету мерзімін ұзарту үшін 85 вагонды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта ұлттық тасымалдаушының вагон паркі 2200-ден асады, оның ішінде «Тұлпар-Тальго» вагондарының саны 670.
Айта кетерлігі, бір вагонды күрделі жөндеуден өткізу 148 млн теңге тұрады. Ал жаңа жолаушы вагонының құны – 400 млн теңге.