• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әлем 23 Қаңтар, 2020

SCIJ клубының 67-ші отырысы өтіп жатыр

213 рет
көрсетілді

20-25 қаңтар аралығында Сочидегі «Роза Хутор» курортында әлемнің 27 мемлекетінен келген 130 журналист-шаңғышының қатысуымен SCIJ (Ski Club International des Journalistes) клубының 67-ші отырысы өтіп жатыр. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Биылғы кездесуді Қазақстан мен Ресейдегі SCIJ клубының филиалы ұйымдастырып отыр. Клуб мүшелері осы аралықта журналистика саласындағы өзекті тақырыптарға арналған дөңгелек үстелдер, іскерлік кездесулер өткізіп, өз елінің мәдени және туристік әлеуетімен таныстырады. Сонымен қатар тау шаңғысы және шаңғымен жарысудан бәсекелер өтеді.

Басқосуда Қазақстанның туризм саласындағы атқарып жатқан жұмыстарымен осы іс-шараның серіктесі Kazakh Tourism ұлттық компаниясы таныстырды.

Айта кетейік, SCIJ журналист-шаңғышылар клубы 1955 жылы Францияның Мерибель тау-шаңғы базасында құрылған. Сол жылдан бері дәстүрлі жиын Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Американың 70-ке жуық шаңғы базасында өткен. Қазір құрамына 32 елдің 2000-ға жуық БАҚ өкілі кіреді. Қазақстан аталған клубқа 2012 жылы қосылып, осы уақыта дейін ұйым жұмысына белсенді атсалысып келеді.

-«Бүгінгі таңда біздің еліміз туризм индустриясын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Қазір ішкі туризмді жандандыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақытта әлемнің түкпір-түкпірінен келетін туристер санын арттырғымыз келеді. Бұл бағыттағы мақсатымыз Қазақстанды Орталық Азиядағы туристік әлеуеті жоғары мемлекетке айналдыру» деді SCIJ клубы жиналысында сөз сөйлеген Kazakh Tourism ұлттық компаниясы маркетинг, коммуникациялар және цифрландыру департаментінің басшысы Талғат Аманбаев. Сондай-ақ ол 2021 жылы SCIJ клубының кезекті отырысын «Шымбұлақ» шаңғы курорты өткізуге дайын екенін жеткізді.

Жыл сайын өткізілетін бұл іс-шара тау шыңғысы мен шаңғымен жарысудан журналистер арасындағы бейресми әлем чемпионаты саналады.