• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Қаңтар, 2020

Парақорлық балалар әлеміне де енді ме?

569 рет
көрсетілді

Оқушы жазбасы ойға қалдырды

Жуырда әлеуметтік желіні аралап кеткен бір оқушының шығармасына тап болдым. «Мен таңдаған мамандық» тақырыбында ой толғаған екен. Баланың жазбасын сол қалпында ұсынып отырмыз.

«Мен өскенде жол палитсясы боламын. Мен тек ұрлықшыларды төрмеге қамаймын. Мен адамдардың босқа уақытын алмаймын. Тек қатты жылдамдықпен жүрсе және бағдаршамның түсі қызыл болса сол кезде жүрсе ұстаймын. Мен жүз мың, алпыс мың дегендей көп ақша сұрамаймын. Ең алғаш көлік айдап үйреніп жүрген адамға тек ескерту айтамын. Тек мың теңге сұраймын. Және ұқыпты жол политсясы боламын», деген екен. Оқушы жазбасы ойға қалдырды...

Тәртіп сақшылары тарапына орынды-орынсыз ауыр мін мен сын айтылып, қызметтің де, азаматтың да абыройы­на нұқсан келтірерлік әжуа-мысқыл қап­тап жүрсе де аталған қызметке деген қызығу­шы­лығының жоғары екендігі қуантты. Бірақ қандай қызығушылық? Шығарманың келесі жолдары осындай ойға жетелейді. Тәр­тіп бұзушыларды, яғни өзі айтқандай «ұр­лықшыларды» ұстау, шынайы сақшы болуға деген қызығушылық па, әлде... «ақша жасауға» ма? «Жүз мың, алпыс мың дегендей көп ақша сұрамай, тек мың теңге сұрай­мын» деген бала «ақша сұрауды» қайдан біледі? «Адамдардың босқа уақытын алмаймын» деуі ше? Жол инспекциясы қызметкерлерінің көлікті тоқтатып тексеруін «босқа уақыт алу» деп есептеу ме, әлде жол сақшылары расында уақытты босқа алатындай әрекеттерге жол беріп жүр ме? Қысқасы, өскенде «ұқыпты» жол полициясы болуды армандаған оқушының шығармаларындағы қателер емес, ой мен мағына назар аудартып тұр.

 Өрендердің жемқорлық туралы білгендері дұрыс па?

Біз де бала болдық. Көп нәрседен, әсіресе үлкен өмірдің жаманды-жақылы сырларынан хабарсыз едік. Балаға ең басты керек нәрселер оқу мен қарынның аш болмауы, ойын мен уақытындағы тыныш ұйқы болатын болса, біз осы қажет­ті­ліктермен толық қамтылдық, алаң­сыз, уа­йым-қайғысыз өстік. Шынайы бала­лық шақты бастан кештік. Мүмкін, ол бүгінгідей ғаламтор шырмауына түс­пе­уі­міз­ден шығар, бірақ балалардың қатысы жоқ, олардың естіп-білуі маңызды емес әңгі­мелер мен мәселелердің бала санасы­на тықпаланбауынан да еді. Үлкендер жа­ман нәрсені айтқан сайын көбейеді деген түсінікпен «айтқан жерден аулақ, мал құ­ла­ғы – саңырау» деп тақырыпты жауып тас­тап отыратын.

Бүгінде қылмыс түрлерінің өршуі бала­ның өзінен де сақтықты талап етеді. Сон­дықтан, адам ұрлығы, педофилия сын­ды өзгелердің қолымен жасалатын қыл­мыс­тар­дан сақтану қажеттігі балаға айтылуы дұрыс, бірақ жемқорлық туралы айту қажет пе? Кейде бұл осы ұғымды, лас тір­лікті бала санасына өзіміз сіңіріп, мынау үл­кен өмір­де оның бар екендігінен хабардар етіп жат­қан­дай боламыз.

Мектептерге барып сыбайлас жемқорлық жөнінде кездесулер өткізіп, парақшалар тара­ту бала санасына қалай әсер етеді?

Қа­зір ба­лалармен емтихан, байқау­лар­­­да жүлде алу, өзге де мектеп, колледж деңгейіндегі мәселелер жайында тілдессең «кез келген шаруада келісуге болатындығын» айтады. Тіпті мұғалімі ештеңе сұрамағанның өзінде баланың түсінігі сондай. «Мұғаліммен сөйлесіп көріңізші», деп өзіңе өтініш жасап, делдал етуге дайын. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Өткен жылы бастауыш сыныпта оқитын қыз бала «мектепте биден жарыс болды. Айдана бірінші орын алуы керек еді, бірақ апайларға ақша берген басқа қыз алды. Айданаға тек былай бір сыйлық бере салды», деп жанында тұрған сіңлісіне аяушылық танытқаны бар. Демек, балалардың санасында ол туралы түсінік бар, дәні егулі деген сөз. Ол жерде пара алу-беру болды ма – нақты емес, бірақ бала пара арқылы жеңіске жетуге, сатып алуға болатынын біледі. Ұтылып тұрса да өз әлсіздігін мойындамай, «анау пара арқылы алды» деген өте лас түсініктің болуы да жақсы емес.

Бала бұл дертті қайдан жұқтырды? Отбасынан, ортасынан, қоғамнан. Онымен күресудің жолы деп оларға жемқорлық туралы тәптіштеп айта беру­дің де пайдасы шамалы, керісінше жемқорлық туралы түсінігін тереңдетіп, мүм­кін тіпті қызығушылығын оята түсер­міз?! Желі­лер мен теледидарларда жем­қорлықпен күн­де­лікті ұсталып жат­қан адамдар арқылы жем­қорлықты қанша күресіп, алдын алу жұ­мыс­тарын жүр­гіз­генмен азаймайтын, яғни жеңі­л­­мей­тін күш сынды дәріптегендей бола­мыз, «жемқорлық – жат құбылыс» деп парақша таратып, кездесу өткізіп жүру бос насихат, дәрменсіздік ретінде танылады. Бірнеше айдан соң елді шулатып ұсталған жандардың бірқатарының дым болмағандай ақталып оралуы, әлеу­мет­тік желілерде, ел арасында «пара беріп шығыпты» деген сөздің айтылуы бала санасына үлкендер әлемін «алыс-беріс­тен тұратын» етіп елестетіп, ақшалы адам­ның «бәрін жеңіп шығатын, ешкімнен жеңіл­мей­тін мықты» тұлғасын сомдап, оған қы­зық­тыра түседі.

Баланың шебер психологиясы бәрін аңдап, сіңіріп үлгереді – болашақта бүгінгі жемқорлықты жетілдіріп, тамаша ойнап шығуы да ғажап емес...

Иә, оқушының «палится» болуға құмартуында оңай ақшаға деген құмарлық жатпасына кім кепіл? Неге полиция бала санасына тек «ақша мен уақыт алушы» болып қалыптасқан, неге оқушы жол сақшысын пара алу тұрғысынан қабылдап, оның қызметін сол тұрғыда бағалайды және оған қызығады?

Халық ұғымында, балалардың көзінше, тіпті ересек адамдардың арасында да сорақы, теріс, зиянды, жат хабарлар айтыла бермейді. Себебі – ол балалайды, көбейеді. Бүгінде, балаларға көп нәрсені өзіміз апа­р­ып таңып-танытып жүр­гендейміз. Ар­нау­лы мекемелер үшін мек­тептерге барып оқушылармен кездесіп жем­қорлықтың алдын алу, болдырмау, тамырына балта шабу, оның зияндылықтарын айту, парақшалар тарату – қажетті жұмыс, мүмкін жұмыс көрсеткішін – рейтингісін кө­теретін тармақ болуы мүмкін, бірақ «ар­тық қыламын деп тыртық қылудан» сақ бо­лайық.

Біз ойлағандай олар жемқорлықтан жиреніп емес, оны үйреніп шықпасына ешкім кепілдік бере алмайды және біз оның әліппесін үйретуші болып қалсақ ұят-ақ.

 

Маңғыстау облысы