С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана директоры Шолпан Шахметованың айтуынша, өңірдегі барлық кітапханалар заман өзгерісіне бейімделуде. Биылғы жыл облыстық кітапхананың бастамасымен «Ауыл кітапханаларына» арналды. Яғни «Ауылдық кітапхана – әлеуметтік орталық» жобасы аясында қызмет көрсетеді.
Кітапхана директоры Шолпан Шахметованың айтуынша, қазір өңірдегі ауыл-қалаларда Абайдың 175 жылдығына орай ақынның кітаптарын сыйлау шарасы басталыпты. Яғни, қоғамдық орындарда қала тұрғындары, қонақтар арасында сауалдамалар жүргізілуде. Абай өлеңдерін, қара сөздерін, әндерін айтып беретін тұрғындарға Абайдың кітаптары сыйға берілуде.
Ал облыстық кітапхананың «Ауылдық кітапхана – әлеуметтік орталық» жобасы аясында ауыл тұрғындары жергілікті кітапхана мамандарының көмегімен e-gov.kz бағдарламасы бойынша электронды қызметті пайдалана алады. Тіпті, жергілікті әкімдіктердің енді кітапханада ауыл мәселелеріне орай жиындар, кездесулер өткізуге мүмкіндігі бар. Ауылдық кітапханаларда да Абай кітаптарын сыйлау шарасы жыл бойы жалғасады. Балалар мен жасөспірімдерге, үлкендер үшін компьютерлік үйрену курстары ашылмақ. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға да кітапхана қызметкерлері тұрақты түрде хабарласып, көмектеседі.
Шолпан Шахметованың айтуынша, жалпы, жаңғыртудан өтетін кітапханалар ережесі бойынша, ауылдағы тұрғын саны мың адамнан кем болмауы керек. Мектептің болуы, ауылдың аудан орталығымен байланыста болуы міндетті. 2002-2004 жылдары «Ауыл кітапханасы» бағдарламасы аясында бірқатар ауылда кітапхана ашылып, қазір 130 кітапхана мобильді стандартқа, цифрлы форматқа көшірілуде.
Қазір облыс бойынша 231 кітапхана болса, 201-і ауылдарда. Орталық кітапхананың 23 мыңнан астам оқырманы бар. Кітапхана қызметін жаңа заманға сай жаңарту жолына түсіруді ауылдардан бастау қажеттігі де түсінікті.
Жергілікті тұрғындарға кітапхана қызметі толық қолжетімді, тиімді болу үшін «Кітапханатерапия» жобасы да іске асқан.
Бұл жобаның негізгі мақсаты – кітапты әр оқырманға жеткізу. Қызметтің қолжетімділігі артады, сұраныстарды уақытында және жедел орындау мүмкіндігі туады, ақпараттылығы және мазмұнының тереңдігі жақсарады деген сенім бар.
Сонымен бірге «Отбасы жылуы» және «Ұрпақтар диалогы», «Кітап қорын бірге жасаймыз» жобалары жүзеге асырылуда. Яғни, кітап қоры оқырманның сұранысына байланысты толықтырылуда.
Жастарға арналған «ZhaStar» жобасы шеңберінде кітапхана барлық топтағы жастарды біріктіріп, олардың әр саладағы, өнердегі, ғылым және бизнестегі жетістіктерін көрсетуде.
Тағы бір жаңашылдық – облыс орталығында трамвайларда QR-кітапханасы арқылы жолаушылар арнайы QR кодтардың көмегімен таңдалған кітаптың электронды нұсқасын тегін жүктей алады. QR-кітапханадан өңір тарихы, экологиясы, әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы ақпар алуға болады. Кітапхана қызметінде де цифрландыру жүйесі жүргізіліп, сирек кездесетін, құнды туындылар көшірілуде. Құрылғы жаңа және жылдам жаңартылып отырады. Әртүрлі жастағы оқырман пайдалана алады.
Трамвай жолаушылары мобильді қосымшаның көмегімен ұнаған кітапты электронды нұсқада жүктей алады. Бұл үшін QR Code Reader немесе интернет-сайттардың басқа да тегін қосымшаларын пайдаланып, таңдалған кітаптағы QR-кодты сканерлеу қажет.
Кітапханада Web-РАБИС бағдарламасының 5 модулі де, яғни, «Кітап қорын толықтыру», «Каталогизатор», «Іздеу және тапсырыс беру», «Кітап беру» және «Оқырмандарды тіркеу» жүйелері оқырмандарға қызмет көрсетуде.
«Баспа беттерінде», «Есімдердің шоқжұлдызы», «Өңір ғалымдары» «Цифрлы энциклопедия», «Өңірдің әдеби картасы», «Сұлтанмахмұт Торайғыров» виртуалды кітапханасы», «Павлодар өңірінің қазіргі авторлары» QR-кітапханасы жобалары жалғасуда.
Өлкетану жайында әдебиеттерді сандық жүйеге келтіріп, сирек және бағалы кітаптардың электронды коллекциялары дайындалуда.
Интернет жүйесін пайдаланып, бейнеконференциялар, онлайн режімінде вебинарлар өткізу дәстүрге айналуда. Республика және елден тыс жерде өтетін шараларға қашықтықтан қатысу оқырмандарымызға керекті ақпараттар алуда үлкен көмек.
Қазіргі кітапханалар түбегейлі өзгерістерге бейімделуде. Ақпараттық заман кітапханаға да жаңа міндеттер мен мақсаттар жүктеуде.
– Өйткені, жастар, жасөспірімдер кітап оқудан қалып, заманауи «гаджеттерге» тәуелді болуда. Біздің мақсат – кітапханада дәстүр мен жаңашылдықты сақтай отырып, жаңа заманға сай кітап оқи білуге шақыру. Ғаламдық жаңа технологияларды пайдалана отырып, дәстүрлі кітап оқу мәдениетін жоғалтпау. Оқырманымызды көбейту үшін кітапханаға келген пайдаланушыға барлық жағдай жасалуда, – дейді Шолпан Шахметова.
Облыс орталығындағы «Batyr mall» сауда кешенінде өткен шара барысында Абай өлеңдерін жатқа айтатын, Қара сөздерін білетіндердің көбі студент жастар болғаны қатты қуантыпты. Барлығына да Абай кітаптары сыйға берілді.
Бұл күндері кітапханалық саланы модернизациялау және кітапхана маманының санасын өзгерту, кітапханалық кеңістікті жасап, интеллектуалды ортаны қалыптастыру бағытына бет бұру – заман талабы.
Павлодар