Аустралияның Мельбурн қаласында өтіп жатқан теннистен Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына шыққан үш жерлесіміз де жеңіліп қалды.
Ең бірінші кортқа шыққан еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина жарыс қожайыны және әлемнің бірінші ракеткасы Эшли Бартимен күш сынасты. Екі сетке созылған бәсекеде жерлесіміз 3:6, 2:6 нәтижесімен қарсыласына есе жіберді. Үшінші айналымда Симона Халеппен кездескен Юлия Путинцева 1 сағат 19 минутқа созылған тартыста 1:6, 4:6 есебімен жеңілді. Сондай-ақ Зарина Диастың да Нидерланд теннисшісі Кики Бертенске шамасы жетпеді. Әлемнің 10-ракеткасына қарсы өткен бәсеке 2:6, 6:7 есебімен Бертенстің пайдасына шешілді.
Ал ерлер арасындағы жұптық бәсекеде Михаил Кукушкин мен Александр Бублик турнирдің ширек финалына шықты. Енді біздің спортшылар жартылай финалға шығу үшін аустралиялық Джеймс Дакворт және Марк Полманспен күш сынасады.