Қазақстанның Сингапурдегі елшілігінің бастамасымен әйгілі веб-сайттың пайдаланушыларын 29 тамызда сағат 11.05 минутта ядролық сынақ құрбандарын еске алу мақсатында «Бір минут үнсіздікке» қосылуға шақыратын «Әлемді қарусыздандыру жолында қол ұстас» (Arm-to-arm to disarm the world) акциясы «Facebook» әлеуметтік желісінде басталды, деп хабарлады СІМ-нің баспасөз қызметі.
Аталған акция уақыты кездейсоқ емес. Қазақстандағы Семей полигонының жабылған күні 29 тамыз – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың жігерінің арқасында БҰҰ Бас Ассамблеясы Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жарияланғаны мәлім. Ал аталған уақыттағы сағат және минут тілдері жеңіс пен бейбітшілік символын бейнелейтін латынның «V» әрпін құрайды.
Елшіліктің www.Facebook.com/KazakhstanEmbassy парақшасы «Атом» жобасы жөнінде баяндайды және аудиторияны қалыс қалмай, акцияны «Like» белгісін басу арқылы қолдауға шақырады.