• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Тамыз, 2013

Мешіт ұйытқы болды, кәсіпкерлер қолдады

391 рет
көрсетілді

Қасиетті Рамазан айы бас­тал­ғанда «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұжымы әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасылардың балаларын мектепке дайындау акциясын жариялап, қайырымды жандарды осынау шараға үлес қосуға шақырған болатын. Міне, сол игі шара Қадір түні қарсаңында – 3 тамызда өтті.

 

Қасиетті Рамазан айы бас­тал­ғанда «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұжымы әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасылардың балаларын мектепке дайындау акциясын жариялап, қайырымды жандарды осынау шараға үлес қосуға шақырған болатын. Міне, сол игі шара Қадір түні қарсаңында – 3 тамызда өтті.Ұйымдастырушылардың айтуынша, әр балаға киім-кешек, спорттық форма, сөмке, қалам, дәптер сияқты оқу құрал-жаб­дық­тарын сатып алуға шамамен 30 мың теңге жұмсалған. Киім-кешектер балалардың жас мөлшеріне қарай үлестірілді. Сөйтіп, осынау игі шарадан соң әлеуметтік жағынан аз қам­тылған және көп балалы отбасылардан шыққан 300-ден астам бала жаңа оқу жылына тап-тұйнақтай дайын болды.

– Бұл шара елімізге, дінімізге жанашыр азаматтардың қол­­дауымен жүзеге асып отыр, – де­ді «Әзірет Сұл­тан» мешітінің бас имамы Қайрат Жол­дыбайұлы. – Тіпті, кейбір дү­кен иелері акцияға өз үлестерін қо­су үшін тауарларын әдеттегіден тө­мен бағамен берді. Осы бастамаға атса­лыс­қандардың барлығына Алла разы болсын!

Қазіргі заманда балаларды мектепке дайындаудың көп шығынға түсетіні белгілі. Ал тұрмысы төмен және көп балалы отбасылар үшін бұл, тіпті, күрмеуі қиын іс десек те болады. Мәселен, 8 бала өсіріп отырған 36 жастағы Маржан Әлиқызының (суретте) 6 баласы мектеп жасында. Баспанасы жоқ отбасы үшін 6 баланы бірдей мектепке дайындау оңай ма?! Осы шараның арқасында бұл мәселенің түйінін шешіп қайтқан Маржан апай былай деді:

– 2009 жылы Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Жетібай ауылынан 6 баламызбен көшіп келдік. Қыздарым Бибінұр мен Айша Астанада дүниеге келді. Жолдасым құбыр зауытында жұмыс істейді. Шыны керек, тапқаны бір айлық пәтерақы мен ішіп-жемнен артылмай­ды. Акция туралы естіп, өті­ніш білдірдік. Көп кешікпей ме­шіт қызметкерлері хабарласып, жаңа оқу жылына керек-жарақтарымызды түгендеуге көмектесетіндерін айтты. Қуа­нып отырмыз. Қайырымды іс-шараға атсалысқан азаматтарға Алланың нұры жаусын, жомарт жандар көбейе берсін дегім келеді.

Акция аясында тегін киім-ке­шек, оқу құрал-жабдықтары тек қа­зақ ба­ла­ларына ғана емес, өзге де ұлт өкіл­дерінің балалары­на үлес­тірілді. Қазақстан мұсыл­мандары діни басқар­масының ұйытқы болуымен мұндай шара өзге мешіттерде де жыл сайын өткізіліп тұрмақ.

Алмас МАНАП,

«Егемен Қазақстан».

АСТАНА.

Суретті түсірген автор.