Жоғарғы Сот сотталушы В.Козловқа қатысты осындай шешімге келді
Кеше Астанада Жоғарғы Сот тiркелмеген «Алға» оппозициялық партиясының лидері Владимир Козловқа қатысты Ақтау қалалық сотының үкiмiн қарап, оны ешбір өзгерiссiз қалдырды.
Жоғарғы Соттағы аталмыш қылмыстық істі алдын ала қарау қорытындысында Қылмыстық iстердi жүргiзу кодексi 464-бабы 1-бөлiмiнiң 2-тармағын басшылыққа алған судьялар В.Козловтың қорғаушысы В.Сәрсембинаның өтінiшiн қанағаттандырмау туралы қаулы шығарды.
«Қорғаушы Сәрсембинаның сотталған Владимир Козловтың мүддесiн қорғап келтiрген өтiнiші бойынша қадағалау өндiрiсiн қозғаудан бас тартылсын. Өтiнiш қанағаттандырусыз қалдырылсын», – деп жариялады судья Моряк Шегенов.
Естеріңізге сала кетейік, 2012 жылдың 8 қазаны күні тіркелмеген «Алға» партиясының басшысы Владимир Козловты Ақтау қалалық соты Қылмыстық кодекстің «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік және діни алауыздықты қоздыру», «Қазақстан Республикасының конституциялық құрылымын күшпен құлатуға немесе өзгертуге не оның аумақтық тұтастығын күшпен бұзуға шақыру», «Қылмыстық топ (қылмыстық ұйым) құру және басқару, оған қатысу» деп аталатын үш бабы бойынша кінәлі деп тапқан болатын. Осыған орай қалалық сот В.Козловқа 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын белгілеген еді. Енді сол жаза өзгеріссіз қалды.
Құрыш НҰРЫМБЕТ.