Осы күнге дейін ерекше дарынымен жылт етіп көзге түскен жастарға қазақтың ішкі нарығы тарлық ететіндей әсер қалдыратын. Қазақтың Димашы бар-жоғы 5 жыл ішінде ән әлемінің феномені деп танылды. Бұл құбылыс шетел асып, танымалдылыққа ұмтылған қазақ жастарының бетін елге қарай бұрды.
Шалабаев қайда жүр екен?
Кезінде Париж-Медон обсерваториясында кызмет атқарып, аспандағы жұлдыздардан сыр тартқан Алмас Шалабаев, француз халқының атақты астрономы Генри Кретиен атындағы халықаралық интернационалдық жоғары дәрежелі стипендияның лауреаты атанды. Парижде алматылық жігіт астрономия ғылымы бойынша докторлық диссертация қорғады. Ғылым биігіне жарқырап шыққан сол Алмастың кейіннен неге екенін, аты-жөнін еш жерден кездестіре алмадық...
Еуропаға ашылған терезе...
Батыстық аудиторияға қолы жетпегендер, ресейлiк бұқараны қаратқанды жөн көредi.
17 миллиондық Қазақстаннан гөрi, 200 миллионға жуық орыс тiлдi көрерменi бар аумақта танымал болғанның меркантильдiк есебi тағы бар. Бiрақ өнер саласының эмиграциясы бүкіл әлемде бар процесс. Мысалы, әйгiлi Голливудтың тең жарымы Латын Америкасы, Еуропадан шыққан кино жұлдыздары. Әншiлер де әлемнiң әр түкпiрiнен жиналған. Соңғы бірер жылдағы Нобель сыйлығының лауреаттарының көбі АҚШ азаматтары. Бірақ олардың түбін тарқатсаң бірі – Жапония, екіншісі Кореядан келген болып шығады.
1980-2000 жылдар арасында бағын сынамақ болып Мәскеу, сонан соң Голливуд асқандар біздің елде де көп еді...
1990-жылдары Мәскеу асып кеткен қазақтың талантты ақыны Бақыт Кенжеев елге келген бір сапарында «Бұл сапар маған үлкен өзгерістер әкеле қоймады: ұйқысырап жатып, бір жаққа аунап түскендей ғана әсер алдым», деген. Өзі айтқандай, «ұйықтап жатып, Ресейге қарай аунап кеткен» Бақыт қазір Канадада тұрады. Ширек ғасырдан бері жат жерде жүрген жерлесіміздің поэзиясында көшпенділердің сарыны әлі сезіледі. Осыдан бірер жыл бұрын әлеуметтік желідегі парақшасында «Әртүрлі елдер арасында шашылып жүрген жайым бар: Ресейге жиі келіп тұрамын; тұрғылықты жерім – Канада; америкалық қызға үйлендім, енді сонда көшкелі жатырмын. Жалпы, мен өзімді «әлем азаматымын» деп есептеймін. Менің идеалдарымның бірі – Шоқан Уәлиханов. Ол да қазақ және орыс офицері, мен секілді «әлем азаматы» десе болғандай» деген жазба қалдырыпты. Қазақстанның оңтүстігінде дүниеге келген ақынның туған-туысқандарының басым көпшілігі қазір Алматыда тұрады. Осыдан біраз бұрын Бақыт Кенжеев Мәскеуде өткен шығармашылық конкурста бас бәйгені жеңіп алды. Конкурс шетелде жүрген орыс тілді ақындарды көтермелеу мақсатында құрылған екен. Мәскеулік журналистердің «Сіз қазақ ақынысыз. Сіздің шығармаларыңыздан көшпенділердің сарыны сезіліп тұрады. Орыс тілді ақындарды көтермелеу мақсатында ұйымдастырылған конкурста бас бәйгені жеңіп алдыңыз. Сіздің тарихи отаныңызда ана тіліңіздің жағдайы аса мәз емес дегенді жиі естиміз» деген қитұрқылау сұрағына «Қазақтың көптеген зиялылары секілді мен де қазақ тілін білмеймін. Оған қатты күйзелемін. Орыс тілді ортада өскен соң тілім қазақша шықпаған. Менің пікірімше, бұл өте күрделі міндет. Қазақстан секілді халық саны аз, оның үстіне полиэтникалық мемлекет үшін үкіметтің бірінші міндеті – ұлттық мәдениетті, соның ішінде әдебиетті дамыту деп есептеймін. Яғни, қазақ тілді кітаптардың жарық көруін қаржыландыру, әлемдік әдебиетті таныту үшін қазақтың жас жазушыларын шетелге оқуға жіберу, сол арқылы қазақтың әдеби тілін дамытуға көмектесу керек. Жасыратын түгі жоқ, оған қолдаудың қажет екені рас. Қазақстан Финляндия, Норвегия, Швеция секілді шағын мемлекеттердің саясатын ұстануы тиіс. Бұл мемлекеттерде жазушылар, ұлттық тіл мен мәдениетті дамыту үшін, мемлекеттің есебінен өмір сүреді. Мен қолымнан келсе, шетелде тұрып жатқан, шығармаларын орыс тілінде жазатын қазақ ақындарын көтермелейтін конкурстар ұйымдастырар едім. Қазақстанның басшылары осыған көңіл бөлсе екен» деп жауап беріпті.
2000-жылдардың бас кезінде тәуелсіз Тарлан сыйлығында «Үміт» номинациясы бойынша жүлдегер атанған Марат Исенов – Петербургте. Ал қазақтың талантты ақын қызы Әйгерім Тәжі осыдан бес-алты жыл бұрын әлемнің орыс тілді ақындары бас қосқан «Дебют» конкурсында жүлдегер атанды: қазір олардың әрқайсысы – жеке тұлға, жеке әлем. «Қазақ жерінен түлеп ұшып, Мәскеуде танылғандар қазақ қоғамы үшін тым қашық жатқан жылуы жоқ, тек жарқырап көрінетін белгісіз галактика тәрізді емес пе?» деген пікірді Лондонда жүрген жерлесіміз Шоқан Лаумулин мүлдем қостамайды екен. Ол Алматыға келген бір сапарында журналистермен кездескен кезде таланттарды танымау қазақстандықтарға ғана қатысты мәселе екенін айтады. «Неге танымал емес» дегенге келер болсақ, Қазақстанда поэзия оқылмайды. Себебі сол ғана», – дейді Ш.Лаумулин.
Осыдан бірер жыл бұрын қазақтың ақиық ақыны Олжас Сүлейменов бір мақаласында өз елінде мойындала алмаған шығарманың жат жерде бағы жанады дегенге сенбейтінін айтыпты. 1990 жылдар мен 2000 жылдардың басында біздің қазақ киноларының басым көпшілігі конкурстық жанрға ойысып кетті. «Қазақ киногерлері батысты танымалдылықтың баспалдағы деп қабылдады. Ал батыстың киносыншылары конкурс қоржынына келіп түскен қазақ киносын сәтсіз туындылардың эталоны деп қабылдап, сәтсіз кинолардан сабақ алу үшін сараптама құралына айналдырады», дейді Олжас.
Соңғы кезде халықтық бағыттағы режиссер атанып жүрген Еркін Рақышев «конкурс үшін жазылатын шығармалардың күні өтті»деген ойды алға тартады. «Бірақ солардың қатысқан конкурстарының деңгейі өте төмен дәрежеде екені енді белгілі болып жатыр. Әлемде «А» категориясындағы 20 фестиваль бар. Конкурстық кинолардың бірде-бірі сол бәйгеге қатыса алмаған. Бәрі төменгі деңгейдегі жарыстарға барып, «лауреат атанып» қайтқан. Содан соң сол конкурстардың ұйымдастырылуының екінші қыры тағы бар. Ол – қатысқандардың бәріне лауреат деген атақ береді. Бір адамды көп уақыт алдауға болады. Ал көпшілікті алдау мүмкін емес. Соңғы кездері қоғамда «шетелдегі конкурстан бәйге алып қайтты» деген сөздің өзі күлкі тудыра бастады. Кино – ең алдымен халық үшін түсірілуі керек. Киноның бағасын халық беруі керек.
«Кезінде «Қыз Жібек» фильмі де жекелеген тұлғалардың сынының астында қалды. Қазір киноға, оған түскен әртістердің жеке басына қатысты шөп-шаламдардың бәрі қурап кетті де, тек халықтық туынды ғана қалды. «Менің атым – Қожа» жайлы да осыны айтамын. Мен қолымнан келсе, әдебиеттегі, кинодағы халықшылдық бағытты одан әрі тереңдете беруге басымдық берер едім», дейді Еркін Рақышев.
Көшпенділік қазақтың қанында бар. Қазақ даласында туып Мысырды билеген Бейбарыс, Үндістанды билеген Бабыр соған дәлел. Жер бетінде интеграцияның ықпалына ілінбеген бірде-бір нүкте жоқ. Таланттардың экспорты да интеграцияның заңдылығы. Сондықтан, «олар неге елден кетеді?» деп сары уайымға салына бермей, шетел ауып кеткен қазақ жастарының елмен байланысын үзіп алмауын барынша қадағалаған дұрыс. Біз үшін ең тиімдісі осы...
АЛМАТЫ