• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Қаңтар, 2020

Ырғын қар ырық берер емес

490 рет
көрсетілді

Синоптиктердің сөзіне сенсек, Қарағанды облысының орталығы мен кейбір аудандарға төрт айлық нормаға татитын қар жауған. Оны айтасыз, қардың әзірге тоқтайтын түрі жоқ. Ауа райын болжаушылар қаңтар айының соңына дейін қар жауып, боран соғуы ықтимал дегенді айтады...

Шынын айтқанда, Қара­ғанды облысында қар аршу ісінің машақаты көбейіп тұр. Қардың мұнша көп түсуі қол­дағы техника қорының жеткі­ліксіз екенін көзге шұқып көр­сетті. Облыс орталығы өз алдына, қалалар мен аудан ор­талықтары, ауылдар, со­дан соң автомобиль жолда­ры омбы қардың астында қалды. Тіпті ел арасына «Қарағандының қар тазалайтын техникаларын астанаға алып кетіпті» деген қауесет те тарап кеткен болатын. Алайда мұны облыс әкімінің баспасөз қызметі ресми түрде жоққа шығарды.

Облыстық жолаушылар кө­лігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әскербек Халтоновтың айтуынша, өңірдегі жолдардың қарын  тазалаумен 52 мердігер ұйым айналысып жүр. Олар­дың иелігінде 800 бірлік техника бар.

Өкінішке қарай, күні-түні ескерткенге қарамастан, адамдар алыс сапарға шығуын тоқ­татпай отыр. Мұның өзі облыс құтқарушыларын әбден діңкелетіп, уақытпен санаспай жұ­мыс істеуге, құтқару опера­цияларын күні-түні жүзеге асы­руға мәжбүр етіп отыр. Соң­ғы тәуліктің өзінде қар құр­сауында қалып қойған 300-ге таяу адам құтқарылып, қауіп­сіз жерге көшірілді.

Қазіргі таңда алыс ауылдар мен аудандарға апаратын жолдардың басым бөлігін қар басып қалған. Қолдағы тех­никаның бәрін салғанмен, алапат қардың жеңістік берер түрі жоқ.

Таяуда құтқарушылар облыс­тағы Ақтоғай ауданы­ның Жидебай ауылдық окру­гіне қарасты Сабырбай қыс­тағындағы жүкті әйелге «Трэкел» деген көліктің күші­мен жетіп, айы-күні жеткен келін­шекті ауруханаға аман-есен жеткізді. Мұндай мысалдар көп-ақ.

Жолда қалған авто жүр­гізушілерге облыстық по­ли­ция қызметкерлері зор кө­мек көрсетіп жүр. Өңірдегі бар­лық автожолдарға 27 бекет қойы­лып, онда 100-ден астам тәр­тіп сақшысы күн демей, түн демей кезекшілік етуде.

Облыстағы қазіргі жағ­дайдың өте күрделі екенін өңір басшысы Жеңіс Қасым­бек те мойындап отыр. Қар­дан та­зарту жұмыстарын талқы­лаған аппарат кеңесінде ол тұр­ғын­дар тарапынан түсіп жатқан ша­ғымдардың көптігін атап өтті.

– Алдағы күндерге деген бол­жам мәз емес. Бірнеше күн қар жауып, боран соғуы мүм­кін деген мәлімет бар. Сондықтан республикалық және облыстық маңызы бар қалалар мен жолдарда білек сыбана жұмыс істеу керектігін маңызды мәселелердің бірі деп санаймын. Қар тазалау туралы күн сайын селекторлық режімде әр әкімді тыңдайтын боламын, деді ол.

Сонымен қатар облыс әкімі қар жинауға және шы­ғаруға қосымша техника тартуды тапсырды. «Ол техника бар ма, бар болса оны қайдан алады?» деген сұрақтарға жауапты біз алдағы күндері алатын боламыз.

Қазір қар күреуден көз ашпай жүріп, алдағы көктемде болуы мүмкін апатты жағдайды естен мүлдем шығарып алған­даймыз. Мәселен, қалалардан тыс­қа тау-тау болып шыға­рылған, күре жолдардың екі қапталында жал-жал болып үйіліп жатқан қар күні ертең ерігенде не болмақ? Тап сол кезде қарғын суға қарсы тұ­рар амал-әрекетіміз қайсы? Өкінішке қарай, әзірге мұны ойлап бас қатырып жатқан адам аз. Өйткені бар күш-қуат толас­сыз жауған қарды күреуге жұ­мылдырылған.

 

Қарағанды облысы