Қаңтардың соңында қыс күшіне енді. Ақырған аяз болмағанымен, қар қалың, қауіп те аз емес. Елді мекендердің арасында қарға адым жер мұң болып, қатынау қиындады.
Жолда қалғаны бар, үсік шалғаны бар, әйтеуір бейғамдыққа бой алдырған өкпек жолаушылардың іс-әрекеті тиісті орындарды алаңдатуда. Бейсауат жолаушыны жолға шығармау мақсатында облыс аумағындағы автокөлік жолдарына 125 жедел қимылдайтын блок-бекет қойылды. Күре жолды басып қалған қасат қарды тазалау үшін 80 техника мен жергілікті полиция қызметінің 160 адамы, департаменттің 30 техникасы мен 50 адамы жұмылдырылған. Жолда қалған техникаларды қасат қардан аршып алып, топтастырып, барар жеріне жеткізіп салу ұйымдастырылуда. Әйтсе де, дәл мұндай уақытта өзіне де, өзгеге де бес батпан бейнет арқалатып, тәуекелге бел буып, жолға шықпаған абзал.
– Соңғы бір жұманың ішінде облыстың автокөлік жолдарындағы қозғалысқа 29 мәрте шектеу қойылды, – дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Манарбек Шапағатов, – жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып 298 жолаушы құтқарылды.
Жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Серік Баймұқановтың айтуына қарағанда, жылыту бекеттеріне 478 адам жеткізілген. Олардың 23-і – бала. Мұндай оқиғалар Ерейментау, Бурабай, Атбасар, Целиноград, Ақкөл және Қорғалжын аудандарында да көп кездесуде.
Әлі де күре жолдардың барлығы тегіс тазаланып болған жоқ. Дәл қазір блок-бекеттерде 600-ден астам автокөлік жолға шыға алмай қаңтарылып тұр. Олардың көпшілігі алысқа жүк тасымалдайтын ауыр көліктер.
Биылғы қыста қар әдеттегіден көп түсті. Ауа райын болжайтын бюроның мәліметіне қарағанда, соңғы тәуліктерде әдеттегіден үш есе көп қар жауған. Қазір облыс тағы автокөлік жолдарын 141 қуатты техника қардан тазалауда. Абырой болғанда осындай жұмылған жұдырықтай болып, қауіпсіздік үшін өз бастарын қатерге тігіп жұмыс істеу арқылы адам шығыны жоқ.
Облыс орталығы да, елді мекендерде де жылу беру қалыпты ұйымдастырылуда. Табиғаттың төтенше мінезіне төтеп беріп, қатердің бетін қайтару іскерлік пен бірліктің белгісі.
Ақмола облысы