Ақ түтек боран, қалың қар еліміздің өзге өңірлерімен қатар Шығыс жұртын да әуре-сарсаңға салып қойды. Кеше облыстың Семей, Курчатов қалалары мен Ұлан ауданының бірқатар мектептерінде сабақ тоқтатылды. Ұлан ауданының 4 ауылында бірінші ауысымның 1-9, аудан бойынша екінші ауысымның 1-9, Курчатовта бірінші ауысымның 1-9 және Семейде екінші ауысымның 1-4-сынып оқушылары мектепке бара алмады.
Өңірде ауа райының қолайсыздығына байланысты тас жолдар да бірінен соң бірі жабылуда. Соның кесірінен жолда қалған жолаушы көп. Мәселен, 17-18 қаңтар күндері Глубокое ауданындағы Березовка ауылы арқылы өтетін тас жолдың жабылуына байланысты 20 адам Березовка орта мектебіндегі жылыту пункттеріне жеткізілді. Ал 25 қаңтарда «Аягөз-Алматы» тас жолы жабылып, Семей-Мақаншы, Семей-Барлықарасан, Семей-Талдықорған бағыттарында жүретін автобустар Аягөзде тоқтауға мәжбүр болды. Ондағы 71 жолаушының 8-і қонақүйге, үшеуі туыстарының үйіне, қалғандары Аягөз қаласындағы спорт мектебіне орналастырылды. Кеше өңір арқылы өтетін «Омбы-Майқапшағай» (587-733), «Өскемен-Тарғын-Самар» (88-145), «Өскемен-Семей» (10-198) жолдары уақытша жабылды.
«Кәрі құда» аймақтағы тұрғындармен қатар төрт түлік пен аң-құс атаулыны да әлекке салуда. Мәселен, 22 қаңтарда Көкпекті ауданында 70 жылқы алай-дүлей боран кезінде далада қалып қойған. Амалы таусылған «Қабыл Қапар» шаруа қожалығының қожайыны құтқарушылардан көмек сұрап, қылқұйрықтылар аман-есен табылды. Бұдан бөлек «Курчатов-Семей» тас жолына дейін көлікпен келіп, әрі қарай 5 шақырым жердегі қыстағына жаяу бармақ болып, адасып кеткен ер адамға көмек көрсетілді. Құтқарушылар оны тас жолдан шамамен 3 шақырым жерден тауып, Семейге дейін жеткізіп, дәрігерлерге тапсырған.
Толастамай жауған қар мен ұйытқи соққан боран төтенше жағдай саласының қызметкерлері мен жолшыларға тыным таптырмауда. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы берген мәліметтерге сүйенсек, қазір аймақтағы жалпы қашықтығы 3 мыңнан астам шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар жолдарды тазартуға «ОблШығысЖол» кәсіпорнының 116 техникасы жұмылдырылған. Сонымен қатар облыс аумағындағы тас жолдардың бойында 12 616 метр стационарлы қар ұстағыш қалқандар орнатылған. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, өңірдегі жолдардың бойында 19 жылыту пункті мен 4 медициналық құтқару бекеттері жұмыс істеп тұр.
Шығыс Қазақстан облысы