Қаңтардың соңғы күндері солтүстік өңірлер қарлы боранға оранды. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қысқы кезеңнің басталуымен 21 авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілсе, жылыту орындарына 114 адам, 7 бала тұрақтаған. Қар құрсауынан 332 жүк көлігі, 10 жолаушылар автобусы, 50 жеңіл автокөлік шығарылған.
Осы күндері құтқарушыларға Екібастұзға бара жатқан Жедел-жәрдем көлігінің қар құрсауында қалып қойғаны жайлы хабарлама түседі.
Жедел-жәрдем Төртқұдық ауылынан аяғы ауыр әйелді әкеле жатқан екен. Оқиға орнына Жедел-құтқару жасағының Екібастұз қаласы құтқару бөлімшесінің «Трэкол» жол талғамайтын көлігі жіберіледі.
Осы екі арада құтқарушылармен қатар шыққан екінші Жедел-жәрдем көлігі де қаладан шықпай жатып, қар құрсауында қалды. Құтқарушылар дәрігерлерді алып, жолда боранда қалған аяғы ауыр әйел мен жолдасын қар құрсауынан алып шығады.
23 қаңтарда таңғы 06.36-да Екібастұздағы перзентханаға жеткізілген Марина Гетте босанып, боранда туған қыз баласына Самира деген ат қояды.
Боранды күндері Майқайың кентінің тұрғыны Лаура Мәдениет те толғағы қысып Жедел-жәрдем шақырады. Баянауыл ауданының Жедел жәрдем бригадасы Лаураның үйіне жедел жетіп, босандырып алады.
Жаңа туған нәрестеге алғашқы көмек көрсеткеннен кейін анасымен бірге перзентханаға жеткізіледі. Қазір боранды күні туған кішкентай Айару Алтынбекқызы да аман-есен.
Павлодар облысы