Биыл Шығыста қыс қаһарына мініп тұр. Қар қалың. Екі күннің бірінде ақ түтек боран. Жолдар да бірінен соң бірі жабылып, жұртты әбігерге түсіріп жатқан жайы бар.
Осының салдарынан жақында Бородулиха ауданында дәрігерлер ауырып қалған балаға жедел жәрдем көлігімен емес, трактормен баруға мәжбүр болды. «Жаңа Шүлбі ауылында кішкентай бала дем ала алмай, ентігіп жатыр деген хабар келіп түсті. Шұғыл медициналық көмек қажет еді. Ауа райының қолайсыздығына байланысты жедел жәрдем көлігі жолға шыға алмады. Осы сәтте «Лазарев» ЖШС-нің жүргізушісі Иван Позняк тракторымен көмекке келді» деп жазады Семей жедел медициналық көмек бекетінің баспасөз қызметі.
Осы ауылдың тұрғыны Кристина Белендер әлеуметтік желі арқылы ақ қар, көк мұзға қарамастан тракторға отырып, көмек көрсетуге асыққан фельдшер Ольга Чукурова мен тракторшы Иван Познякке алғысын жеткізді. «Қоғамда дәл осындай мейірімді һәм жанашыр жандар көп болса деймін. Оларға мың алғыс» дейді ауыл тұрғыны.
Шығыс Қазақстан облысы,
Бородулиха ауданы,
Жаңа Шүлбі ауылы