Ақтаудағы «CASPI BITUM» БҚ» ЖШС – еліміздегі жоғары сапалы битум өндіретін жалғыз мұнай өңдеу зауыты. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында салынған зауыт жол құрылысы саласын жоғары сапалы отандық битуммен қамтамасыз етіп келеді.
Жылына 1 млн тонна мұнай өңдеуді, сол арқылы 120 мың тонна модификацияланған битум мен 400 мың тонна қышқылданған битум, яғни тұтқырлы мұнай битумы мен түрлендірілген жол мұнай битумы сынды битумының екі түрін шығаратын зауыт «ҚазМұнайГаз» бен «CITIC Kazakhstan» ЖШС-ның бірлескен кәсіпорны саналады.
Қазіргі таңда серіктестік өнім өндіру қуаты мен өнім сапасын арттырып, ішкі нарықты қамтамасыз етумен бірге өз өнімдерін шетелдерге экспорттау мүмкіндігіне қол жеткізді.
Жол битумының алғашқы экспорты Өзбекстанға 2017 жылы 650 тонна көлемінде жөнелтілген болатын. Өткен жылдың соңында кәсіпорын экспорт көлемін 10 мың тоннаға жеткізді. Еңбек ырғағын қалыпты жағдайға түсірген зауытта өнімді экспортқа шығару тұрақты негізде жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, бұрын зауыт қыс мезгілінде жұмысын тоқтататын болса, қазір өнімге деген шетелдегі жоғары сұранысқа байланысты жыл бойына үздіксіз жұмыс істейді. Бұл битумның жоғары қосылған құнын ескергенде, кәсіпорын кірісіне едәуір ықпал етеді.
Зауыт өткен жылы экспорт көлемін ұлғайтып қана қоймай, жалпы еңбек өнімділігін арттырды. «CASPI BITUM» БК» ЖШС жол битумын өндіру көлемін жоспарланған көрсеткіштен 23%-ға артық орындап, 369 073 тоннаға жеткізді. 2018 жылы зауыт 308 286 тонна өндірген болатын. Ақтау битум зауыты техникалық сипаттамалары бойынша сапасы жоғары жол битумын шығару үшін ең оңтайлы шикізат болып табылатын «Қаражанбас» кен орнының мұнайын жылына 1 млн тоннаға дейін өңдей алады. Ал мұнайды өңдеу көлемі былтыр 885 969 тоннаға дейін жетіп, жоспар 15%-ға артығымен орындалды. Сондай-ақ Ақтау битум зауытының өнімін Маңғыстау, Алматы және Ақтөбе облыстары пайдалана бастады.
Зауыт жұмысының нәтижесінде және басқа отандық өндірушілердің өнімін қоса алғанда, бүгінде елдің жол битумына деген қажеттілігі толық қамтылып отыр. Ақтаудағы зауыт жұмысы мен өнімі автокөлік жолын жаңғыртудағы еліміз үшін дайын әрі сапалы отандық өнім ретінде маңызды.
Маңғыстау облысы