Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ENU Volunteers атты салтанатты іс-шара өтті.
Шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Танзания, АҚШ, Франция, Қырғызстан елдерінен келген еріктілер, оқу орнының оқытушылары, студенттер қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның негізгі мақсаты – Мемлекет басшысының идеясын қолдау және оны насихаттау.
Университет ректоры Е.Сыдықов өз сөзінде биылғы жылдың жастар үшін маңызды екенін айтып өтті. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жыл Волонтер жылы деп жарияланды. Бұл – жастардың биік асуларды бағындыратын жылы, арман мен сенім, еңбек пен жауапкершілік жылы! Волонтер жылы – Жастар жылының жалғасы. Бұл – жастар үшін үлкен мүмкіндік. Биыл көптеген жоба іске асатын жемісті, табысты жыл болады деп сенеміз», деді волонтерлерді құттықтаған ректор.
Университетте Волонтер жылына орай ENU Volunteers жобасы қолға алынып отыр. Жоба «Жақсы іс», «Мәдени сұхбат», «Қайырымды орта», «Өрісті өнер», «Таза елорда», «Медиа алаң» бағыттары бойынша жұмыс істейді. Әр бағыттың өз мақсаты, аудиториясы, негізгі идеяны жүзеге асыру үшін арнайы шаралары бар. Мәселен, «Жақсы іс» бағыты бойынша студенттердің өз еркімен қалалық сенбіліктерге шығуы, мектеп оқушыларына семинарлар мен шеберлік сыныптарын өткізуі қарастырылған. Сонымен қатар жалғызілікті қарттардың үйіне барып үй шаруасына көмектесу, емханаларға алып бару сияқты акциялар да жоспарланған.
Жоба аясында қайырымдылық шараларымен қатар, қала өміріне үлес қосу да жоспарланған. Студенттер қоғамдық орындарда бұзылған белгілерді, ескерткіштерді жауаптыларға хабарлап, қате жазылған атаулардың түзетілуін қадағалайтын болады.
Университет жастары мәдени шараларды да естен шығармаған. Жобаның «Мәдени сұхбат» бағыты арқылы жастардың қоғамдағы өзекті тақырыптарды сахналық қойылымдармен жеткізуін көздейді. Бұл «Шаңырақ» студенттік театрының құзырында.
Сонымен бірге жиында Ақпараттық технологиялар факультетінің студенті, волонтер Нұрсұлтан Ысмағұлов, Жастар орталығының белсендісі Алтынай Рауанқызы, АҚШ-тан келген ерікті Джейкоб Левитан сөз сөйлеп, еріктіліктің маңызы туралы айтып, өз оқиғаларымен бөлісті. Осы орайда Н.Ысмағұловтың былтыр өрттен үш баланы құтқарғанын еске сала кеткен жөн. Бейбіт күннің батыры өзін батыр санамайтынын, сол оқиғаға тап болған кез келген азаматтың дәл солай істейтінін айтты.
ЕҰУ Әлеуметтік және азаматтықты дамыту департаментінің директоры Р.Әлқожа оқу орнында арнайы ем алатын мүмкіндігі шектеулі, көмекке мұқтаж білім алушылардың бар екенін айтты. Осы орайда ақылы ем алатын студенттерге көмектесу жоспарланғанын жеткізді. Рүстем Әлқожаның айтуынша, көмекке мұқтаж, қалалық әкімдік пен Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының тізімінде тұрған көп балалы отбасыларға да университеттің ұжымы қолдау көрсетуге дайын.