Кеше қызылордалықтарды таңертеңнен әлеуметтік желілерде «Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына коронавирус инфекциясын жұқтырған адам жатқызылыпты» деп тараған жазба әбігерге салған еді. Жұртты дүрліктірген жағдайға байланысты түстен кейін брифинг өткізген мамандар мәселенің мән-жайын ашып айтты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов және тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова осы жылғы 28 қаңтар күні ыстығы көтеріліп, дәрігерге қаралған бір азаматтың қазір облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем алып жатқанын жеткізді. Дәрігерлерді алаңдатқаны, оның 11-18 қаңтар аралығында Қытай елінде ем алғаны болып шықты. 20 қаңтарда Қызылордаға жеткен жерлесіміз 8 күннен кейін ауруханаға түскен. Бір қуанарлығы, дәрігерлер күдігі расталмады. Қазір науқастың ыстығы түсіп, ем алуды жалғастыруда. Вирусологиялық зертхана мамандары да жерлесіміздің қауіпті вирусқа шалдықпағанын растап отыр.
Қызылорда облысы