Ережесіз жекпе-жек әлемдегі ең белді ұйым – UFC күні кеше өзінің жаңартылған рейтингін көпшілік назарына ұсынды.
Бүгінгі таңда америкалық промоушеннің үздігі деп Джон Джонс танылып отыр. Жартылай ауыр салмақта чемпиондық белбеуді иеленіп отырған 32 жастағы АҚШ спортшысы 27 кездесу өткізіп, тек біреуінде ғана жеңілстің кермек дәмін татты.
Нақтылап айтсақ, осыдан 10 жыл бұрын Лас-Вегаста отандасы Мэтт Хэмиллмен болған айқаста төреші «рұқсат етілмеген әдіс қолдандың» деген желеумен Джонсты жарыстан шеттеткен еді. Десек те одан кейін айтулы саңлақ октагонда өзінің мықтылығын сан мәрте дәлелдеп, қарсы келгендердің барлығын қоғадай жапырды.
Сондай-ақ UFC-дегі ең үздік 10 спортшының қатарына Хабиб Нұрмагомедов (Ресей), Генри Сехудо (АҚШ), Стипе Миочич (Хорватия/АҚШ), Дэниель Кормье (АҚШ), Исраэль Адесанья (Жаңа Зеландия), Камару Усман (Нигерия/АҚШ), Александр Волкановски (Австралия), Конор МакГрегор (Ирландия) және Тони Фергюсон (АҚШ) сынды саңлақтар енді.