• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Технология 31 Қаңтар, 2020

Көңіл күйді көгілдір экранға шығарады

333 рет
көрсетілді

Шымкенттік өнертапқыш бала жаңа бағдарлама ойлап тапты. Сегізінші сынып оқушысы жасаған жобада адамның сол сәттегі көңіл күйі мен мінезі көгілдір экранға дәл беріледі екен. Аталған жаңа бағдарлама шаһардағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі ұйымдастырған «Жасампаздық пен ілгерілеу кезеңі» деген атпен өткен көрмеге қойылды.

 

Үздіктер қатарынан көрініп жүрген жас жеткіншектің жобасы faceID деп аталады. Оқушы шетелдік жетекшісімен бірлесе отырып 2 айға жуық уақыт шамасында аяқтаған бағдарлама үлкен еңбекті талап еткенін айтады.

«Бұл біздің жобамыз – faceID.html арқылы жасалып, адамның түрін, жасын, көңіл күйін көрсете алады», дейді химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысы Нұрасыл Маратов.

Жыл сайын 2 рет дәстүрлі түрде өте­тін көрмеде жас өнертапқыштардың адам қызметін жеңілдететін жобалары таныстырылды. Назарбаев зияткерлік мектебінің 7-12 сынып оқушылары мен облыстағы білім ордаларынан келген жеткіншектер пікір алмасқан шарада роботтехника, ақпарат, цифр­лы аймақ, Steam, Қазақстандағы жасыл аймақ, құрылыс және архитектура, шектеусіз шығармашылық, тәрбие жұмысы сек­ция­­лары бойынша 140-тан астам ғылыми-шығармашылық жоба қойылды.

«Жәрмеңкеде тоғыз бағыт бойынша 114 жобамыз көрсетілді. Оқушыларымыз сабақ оқып қана қоймай, зерттеу жұмыс­та­рымен де айналысады», дейді химия-биология бағытындағы Назарбаев зият­кер­лік мектебінің директоры Балқан Қасымов.

Сондай-ақ аталған көрмеге жиылған ата-аналар мен зияткерлік мектеп түлегі атануға ниетті оқушылар мектеп­ке қа­былдану жасы, мерзімі, сынақ күрделілігі мен ережесі турасындағы сұрақтарға жауап ала алады.

«31 қаңтарға дейін мектебімізде құ­жат­тарды қабылдау жұмыстары жүр­гі­зіліп жатыр. Мектептің жұмыс істеу режімі, ондағы үйірмелер, жалпы зият­керлік мектеп туралы кез келген сұраққа ата-аналар мен оқушылар осы арадан толық жауабын алады деп үміттенеміз», дейді мектеп директоры.

Айта кетерлігі, Көрме орталығында өткен бұл шарада жас ғалымдардың осын­дай жүздеген еңбегі таныстырылды.

 

ШЫМКЕНТ