• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Қаңтар, 2020

Жалған ақпараттарға сенбеңіздер

217 рет
көрсетілді

Кеше Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирусқа байланысты брифинг өткізіп, вирустың алдын алу бойынша елімізде атқарылып жатқан шаралар мен науқастардың күйі туралы тың ақпараттармен бөлісті.

Журналистермен жүздескен министр әлемде 7711 науқас коро­на­вирусқа шалдығып, оның 170-і көз жұмғанын айтты. Бұдан бөлек қа­зірге дейін 17 мемлекетте 90 науқас жаңа вирусты жұқтырғаны анық­тал­ған. Елімізде ерекше санитарлық іс-шаралар 6 қаңтардан басталды. «Президент тапсырмасымен мем­ле­кет­тік деңгейде арнайы комиссия құрылды, ерекше іс-шаралар жос­па­ры бекітілді. Халықты инфекция­дан қорғау мәселесі бойынша ҚХР мен Қазақстан арасындағы шекараның сани­тарлық қорғауы күшейтілді. Бар­лық келіп жатқан азаматтар күшей­тіл­ген санитарлық тексеруден өтуде. Қазіргі уақытта мемлекеттік шекарадан 20 515 азамат өтті. Оның 19 989-ы Қазақс­тан азаматы болса, 526-сы шетел аза­маты. Сондай-ақ бұл кісілердің барлығын біз санитарлық мониторингке алып жатырмыз. Қазірге дейін 78 пайызы, яғни 15 738 адам тіркеуге алынды. Олармен жергілікті емханалар тікелей байланысты», деді Денсаулық сақтау министрі.

Е.Біртановтың айтуынша, Қы­тай­дан келген азаматтардың 54-і дене қызуының көтерілуіне байланысты ауруханаларға жеткізілген. Көбісіне жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ/ОРВИ) және тымау диагнозы қойылған. 16 науқас сауығып, үйлеріне қайтты. Қалған 38 науқас әлі де ем қабылдап жатыр. Министр олардың барлығынан ерекше лабораториялық сараптамалар алынып, Айқымбаев атындағы Ұлттық инфекциялық ғылыми орта­лы­ғына жіберілгенін атап өтті.

«Бүгінде елімізде қажетті инфек­ция­лық стационарлар сақадай-сай. Қосымша 10 мыңнан аса төсек-орын дайын. Емдеу үшін барлық дәрі-дәр­мек­тер бар. Диагностикалық алгоритм реттелді. Елімізде оқшаулау үшін инфекциялық ауруханалар желісі толық дайындалды. Онда білікті дәрігерлер мен мейірбикелер жұмыс істейді. Бәрі біздің бақы­лауы­мызда.», деді еліміздің бас дәрігері.

Әлеуметтік желілер арқылы тарап жатқан жалған ақпараттарға сенбеуді және оны таратпауды халықтан өтін­­ген Денсаулық сақтау министрі қазірге дейін елімізде бірде-бір адам коронавирусты жұқтырмағанын баса айтты.

Кей өңірлерде коронавируспен нау­қастар тіркелді деген жалған ақ­па­раттар тарауда. Қазіргі уақытта елімізде бірде-бір науқас жаңа вируспен тіркелмегенін айтқан министр: «Кеше мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бас­шы­сының орынбасарымен тікелей сөйлестім. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының басшысы Д-р Тедрос Адханом Гебрейесус кеше Бейжіңнен Женеваға қайтып келді. Бүгін корона­вирустың өршуіне байла­нысты төтенше Халықаралық денсаулық сақтау ережелері коми­те­ті­нің отырысы өтеді. Комитет Бас директорға эпидемияның ғаламдық алаңдаушылық тудыратын төтенше жағдай болып табыла ма және оған қарсы қандай ұсыныстар жасау керек­тігі туралы консультативтік қоры­тын­ды береді», деді.