Алдағы демалыс күндері қала тұрғындары мен қонақтары хоккей матчын, театр қойылымдары мен концерттік бағдарламаларды, операны мен шаңғы жарысын тамашалай алады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
1 ақпанда ҚХЛ чемпионаты аясында «Барыс» хоккей клубы ресейлік «Авангард» хоккей клубымен кездеседі. Матч 17:00-де әдеттегідей «Барыс Арена» спорт кешенінде өтетін болады.
Қаллеки театры 1 ақпан сағат 19.00-де көрермен назарына «Абай» трагедиясын ұсынады. Ұлы ойшыл, ақын, ағартушы туралы көп жазылған. Оның шығармашылық мұрасы бүкіл адамзаттың игілігі болды және әлемдік мәдениет қазынасында лайықты орын алады.
Ал 2 ақпан күні сағат 19: 00-де осы театрда «Жұт» драмасының көрсетілімі өтеді. Көрермендер қазақ халқы үшін ауыр болған өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы ашаршылық уақытын елестете алады.
Сондай-ақ сенбі-жексенбі күндері сағат 18:30-да «Nomad» театры көрермендерді «Қыз Жібек» спектаклінің тұсаукесеріне шақырады. Шығарма махаббатқа, достыққа, батылдыққа және отансүйгіштікке адалдықты жырлайды.
«Астана Опера» театрының әртістері жас көрермендерге «Пера Гюнт саяхаты» концертін дайындады. Театр 2 ақпан күні сағат 12: 00-де балаларды тамаша композитордың сиқырлы музыкасын тамашалауға шақырады.
Сондай-ақ елорданың кішкентай көрермендері 1-2 ақпан күні сағат 12:00, 14:00 және 16:00-де Қуыршақ театрында «Жаңғырық қалай пайда болды» атты жапон халық ертегісін көре алады.
Одан бөлек жексенбі күні сағат 17.00-де «Астана Опера» театрының ұжымы көрермендерді Джузеппе Вердидің «Аида» операсына шақырады.
«Жастар» театрында 2 ақпан күні сағат 19: 00-де «Укрощение строптивой» комедиясы қойылады. Бір күн бұрын, сол театрда «Алғашқы махаббат» комедиясы көрсетіледі.
1-2 ақпанда М. Горький атындағы орыс драма театрында «Человек-подушка» атты қойылым көрермендерге жол тартады. Оның басталуы сағат 18:00-де.
Одан бөлек, «Қысқы кездесулер» қайырымдылық концерті 1 ақпан күні сағат 16:00-де Достық үйінде өтеді.