• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Парламент 31 Қаңтар, 2020

Сенаторлар автокөлік иелерін құқығын қорғау мәселелерін көтерді

4116 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Андрей Лукиннің төрағалық етуімен Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен әкелінген автокөліктерді уақытша тіркеу мәселесі бойынша жұмыс кездесуі болды. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Депутаттар осы жағдай бойынша тиісті органдардың азаматтар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын уақытында жүргізбегеніне назар аударды.

Құқық қорғау органдарының Армения және Қырғызстаннан әкелінген автомобильдерді кедендік рәсімдеу туралы үндеуі жұртшылық арасында наразылық туғызған болатын. Кедендік рәсімдеуге ЕАЭО елдерінің кедендік баждары арасындағы айырмашылық, кәдеге жарату жинағы, автомобиль құнының 12% болатын қосымша құн салығы (көлік иесі әр көлік үшін 2 млн.теңгеден астам төленуі тиіс) жатады. Көлік иелері осыған байланысты әр аймақта жиналып, мемлекеттік органдарға наразылықтарын білдіре бастады.

Қазақстанда бүгінгі таңда шет елдерде есепте тұрған 200 мыңнан астам автомобиль пайдаланылып отыр.

Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қыста күтіп ұстауға қысқы техниканың толық әзір болмағаны туралы мәселе уәкілетті компанияға қатаң қойылды.

Кездесу қорытындысы бойынша ЕАЭО елдерінен әкелінген автокөлік құралдарын уақытша тіркеуге орай қалыптасқан жағдайды жақсарту жөнінде  Парламент Сенатына заңнамалық ұсыныстар беру уәкілетті мемлекеттік органдарға тапсырылды.

Шараға ішкі істер, қаржы, экология, геология және табиғи ресурстар, сауда және интеграция, индустрия және инфрақұрылымдық даму, әділет министрліктерінің, сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ҰК» акционерлік қоғамы мен Республикалық нотариаттық палатаның өкілдері қатысты.