Биыл 6 қаңтарда еліміздің Бас санитарлық дәрігері азаматтарды әлемде таралған жаңа коронавирустық инфекциядан қорғау үшін санитарлық нормаларды күшейтуді жариялады. Денсаулық сақтау министрлігі күнделікті инфекция таралуының алдын алу шаралары туралы қазақстандықтарды хабардар етуді қамтамасыз етеді.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ақпараты бойынша ведомствода ақпарат жинау бойынша жедел штаб құрылған.
«Оның базасында инфекция таралуының алдын алу бойынша халыққа тәулік бойы Call-Center жұмыс істейді. Қосымша ауруханалар ашылып, медицина қызметкерлері оқытылды. Қажетті дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар қоры құрылды. Қазақстанда жүргізіліп жатқан барлық шара Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарына толығымен сәйкес келеді. Осылайша елімізде коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді. Барлық мемлекеттік органды қатыстыра отырып, ведомствоаралық штаб құрылды. Бекітілген жоспарға сәйкес Қазақстанның Қытаймен мемлекеттік шекарасын кесіп өту пункттерінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау күшейтілді. Бүгінде медициналық ұйымдар алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен келген азаматтардың 80%-ын қамтыды, 66 адам коронавирустық инфекцияға күдікті вирусты инфекциямен ауруханаға жатқызылды, оның 25-інің жағдайы жақсарып, диагнозы алынып тасталды. 41 науқас диагностикалық зерттеу үшін медициналық мекемелердегі тексерілуін жалғастырады. Барлық пациенттердің денсаулығы тұрақты, емделушілердің жағдайы нашарлаған жоқ. Бұдан басқа, коронавирустық инфекцияға күдікті пациенттермен байланыста болған 3 914 адам бақылауға алынды. Осы адамдарға 14 күн ішінде бақылау жүргізіледі», деді Е.Біртанов.
Аталған ведомство мемлекеттік шекарадағы барлық өткізу пунктінде ҚХР-мен ғана емес, сонымен қатар барлық басқа мемлекеттермен күшейтілген санитарлық-өткізу бақылауын қамтамасыз етеді. Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан азаматтарына Қытайға, сондай-ақ коронавирустық инфекцияны жұқтыру жағдайлары тіркелген басқа елдерге бармауға кеңес береді.
Айта кететін тағы бір жайт, Денсаулық сақтау министрлігінің facebook әлеуметтік желісінде жариялаған мәліметі бойынша ҚХР мен шекаралас мемлекеттерден келген азаматтарға мониторинг жалғасуда. Мәселен, 2020 жылдың 6 қаңтарынан 1 ақпан аралығында елімізге 27 мың 53 адам келген.
«Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің санитарлық-карантиндік пункттерінің мамандары Алматы қаласындағы халықаралық әуежайда – 20 мың 490 адамды, темір жол вокзалдарында 399 жолаушыны тексерді. ЖРВИ белгілерімен 78 адам көпшіліктен оқшау ауруханаға жатқызылды, оның 32-сі жазылып шықты, қазір стационарларда медициналық бақылауда 46 адам қалды. Ауруханаға жатқызылғандардың барлығының сынамасы қосымша бақылау үшін Алматыдағы Айқымбаев атындағы аса қауіпті жұқпалы аурулардың ұлттық ғылыми орталығына жіберілді. Бұл орталық жаңа коронавирусты ПТР-диагностикалау әдістемесін игерген. Республикада терапия үшін қажетті дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар бар, жұқпалы ауруханаларды оқшаулауға арналған бокстар, арнайы дәрігерлік және орта медициналық персонал дайындалған. Бұл жағдай – Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында. Ресми ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігінің сайты мен парақшасынан оқи аласыз және кез келген сұрақ бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін 1406 байланыс-орталығына қоңырау шалуға болады», делінген жазбада.